Әлемдік нарықта мұнай 121 долларға сатылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік нарықта мұнай 121 долларға сатылып жатыр

24.03.2022

Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалына зақым келгені туралы ақпараттан соң әлемдік нарықта мұнай 121 долларға сатылып жатыр. Новороссийск маңындағы консорциумның теңіз терминалы шикізат қабылдауды тоқтатты. Қатты дауылдан, арнайы үшінші жабдықтың тірегі орнынан жылжып, екіншісіне де зардап келген. Консорциум қай уақытта іске қосылады? Ал Қазақстан әзірге шикізатты қандай бағыттар бойынша экспорттай алады?

Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдау көлемі наурыз-сәуірде 3-5 есе төмендеуі мүмкін. Компания басшысы Николай Горбань осылай деп отыр. Мамандардың сөзінше, екі бірдей арнайы жабдыққа жөндеуді қатар жүргізу мүмкін емес. Ресей энергетика министрлігі қалпына келтіруге шамамен 1,5-2 ай уақыт кетуі мүмкін дейді.

Павел Сорокин, РФ Энергетика министрінің орынбасары:

КҚК-нің тасымалдау көлемі күніне бір миллион баррельден асады. Әрине, бұл аз шикізат емес. Оған Ресей компаниялары да қатысады. Сондықтан салдары ауыр болуы мүмкін. Қалпына келтіру жұмысы ұзаққа созылса, мұнай өткізу 80 пайызға төмендейді. Біз өзіміз де осы мәселелерді тез арада шешуге мүдделіміз. Өйткені бұл ресейлік компаниялардың өндірісіне де әсер етеді.

Еліміздің Энергетика министрлігі шикізат экспорттаудың балама жолын іздеуде. Қазір терминалды қалпына келтіру мерзіміне қатысы кеңес өткізіп жатыр.

Қазақ мұнайының 80 процентке жуығы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Бұл Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақтың қара алтыны. Мұнай-сервистік компаниялар одағы өкілдерінің дерегінше, айына 4,5 млн тонна шикізат осы құбыр арқылы шетел асып келді. Сарапшылар енді оны Атасу-Алашаңқай арқылы тасымалдауды ұсынып отыр. Рашид Жақсылықовтың айтуынша, мұнай құбыры жылына 20 млн тонна шикізат экспорттауға қауқарлы.

Рашид Жақсылықов, Мұнай-сервистік компаниялар одағының төралқа төрағасы:

Осы уақытқа дейін біз 1-2 млн мұнай жіберіп отырдық. Ал 20 млн тоннадан бос 18 млн күшті Ресей өзінің мұнайын Қытайға жіберіп отырды. Алашаңқай арқылы өтетін Ресейдің мұнайын тоқтату керек. Өз мұнайымызды сатуымыз керек.

Қазақстанға шығыстағы екі ірі мұнай тұтынушы мемлекетпен байланысты нығайту маңызды. Осылай деген сарапшылар Қытай мен Үндістанға шикізат экспорттауды ұсынып отыр. Ал әзірге шикізат экспорты төмендесе, ішкі нарықта мұнай өнімдерінің бағасы да түседі. Жанар-жағармай шамамен 10 процентке арзандауы мүмкін.

Қанат Сүлеймен, «Petro Service» оқу орталығының бас тренері:

Басты экспорттық тауарымыз мұнай болғандықтан, бұл теңгенің әлсіреуніе әкеп соғуы мүмкін. Екіншіден, ішкі нарықта жанар-жағармай бағасының түсуіне ықтимал ететін фактор болуы мүмкін. Болжаммен 10 пайыз мөлшерінде арзандауы мүмкін.

Ақерке Бектас, тілші:

Бүгін қара алтын құны бірден 5 процентке қымбаттап, Брент баррелі 121 долларға сатылып жатыр. Рейтер агенттігі бағаның өсуіне Каспий құбыр консорциумы жұмысының тоқтауы себеп деп жазды. Теңіз терминалына зақым келгені туралы ақпарат - нарықта мұнай тапшылығы болуы мүмкін деген қауіпті күшейткен. Айта кетейік, Каспий құбыр консорциумы тәулігіне 1,2 миллион баррель мұнай тасымалдап келді. Оны елдегі кен орындарында Chevron, Exxon Mobil, Еni және Shell секілді компаниялар өндіріп отыр.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу