Украинадағы қарулы жанжалдың басталғанына төрт апта болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы қарулы жанжалдың басталғанына төрт апта болды

24.03.2022

Украинада қарулы жанжалдың басталғанына төрт апта. НАТО-ның мәліметінше, Ресей осы уақыт ішінде қаза тапқандарды, жараланғандарды қосқанда, 30-40 мың адам жоғалтқан. Ресей қорғаныс министрлігі болса, 498 адамының мерт болғанын соңғы рет наурыздың 2-де айтқан. Украина тарапынан қанша жауынгер өлгені белгісіз.

Бірақ, екі апта бұрын президент Владимир Зеленский ел қарулы күштері қатарында 1300 қызметкердің жан тәсілім еткенін жариялаған. Украина армиясы Киевтің маңындағы Макаров және Мощунь қалаларын қайтарып, Ресей әскерін Буча, Ирпин қалалары маңында қоршауға алуға жақын. Ал, оңтүстікте Ресей әскері порттық қала Мариупольді қоршап, бомбалауды күшейтіп жатыр. Соның салдарынан 100 мыңдай адам қаладан кете алмай жатыр.

Кейбір бақылаушылардың сөзінше, Украина армиясында қару-жарақ пен оқ-дәрі таусылуға жақын. Мәскеу болса, бұл жанжалға қосымша адам мен техника тартып, батыстағы көршісін қайтсе де бағындыруға күш салып жатыр. Осындай шақта Ұлыбритания Украинаға тағы 6 мың зымыран, Швеция - танкке қарсы 5000 жүйе, Германия танкке қарсы 2000 граната атқыш жіберу туралы шешім қабылдап отыр.

 Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу