Украина: Николаевта 20-дан астам жарылыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина: Николаевта 20-дан астам жарылыс болды

12.07.2022

Украинадағы қарулы қақтығыстың басталғанына 139 күн. Өткен түнде елдің Ресей басып алған аудандарынан басқа жерлерінде әуе дабылы қосылған. «Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, Николаевта 20 шақты жарылыс болды. Ал Донецк облысының Часов Яр қаласында зымыранмен жасалған шабуыл құрбандарының саны 33-ке жетті. Олардың арасында 9 жасар бала бар. Тағы 9 адам үйінділер астынан тірі табылған. Соңғы деректерге сай, Украинада қарулы қақтығыс кезінде ізім-ғайып болған тұрғындардың саны көбейіп жатыр.

Ал «Рейтердің» мәліметінше, Иран Ресейге жүздеген пилотсыз аппарат жеткізуді жоспарлап отыр. Мұны АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл Ресей өз әскерін қару-жарақпен қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болғанын растайды.

Тағы бір мәлімет. Украина президенті Владимир Зеленский Канаданың Ресейге «Солтүстік ағын» құбырына арналған турбинаны беру туралы шешімін сынға алды. Мұны «санкция тәртібін бұзу» деп мәлімдеді.

Айта кетсек, турбина Канадада жөндеуден өткен еді. Ал Ресей Еуропаға газ беруді азайтып, мұны аталған детальдің жетіспеуімен түсіндірді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу