Енді ғимаратқа кірерде «Ashyq» қосымшасын ашып, мәртебеңді көрсету міндетті емес. Термометрия жүргізілмейді. Арақашықтық сақтау талабы да алынып тасталды. Вакцина салдырған болсаңыз, ПТР тест тапсырудың да қажеті жоқ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният эпиджағдайдың жақсаруына байланысты карантин талаптары жеңілдегенін айтты. Ведомства басшысы бұл ұжымдық иммунитет қалыптасқанының нәтижесі деді. Ал маска мәселесіне келсек, жабық нысандарда бетперде тағу керек. Өйткені, коронавирус бәсеңдегенмен, өзге вирустық аурулар өршіп тұр. Бүгінде ковид жұқтырып, стационарда ем алып жатқан 600-дей науқас бар. Күніне орта есеппен 100 адамнан вирус анықталып отыр. Барлық өңір жасыл аймақтар тізімінде. Өткен аймен салыстырғанда аурудың таралуы 33 пайыз төмендеді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Вакцина салдырғандар немесе ревакцинация жасағандар елге ПТР-сіз кіре алады. Визасыз елдермен қатынас қайтадан жалғасты. Халықаралық автобус немесе темір жол қалпына келтіру шаралары қабылдануда.