«Баспасөз картасы» заңнан алынып тасталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Баспасөз картасы» заңнан алынып тасталды

17.04.2024

«Баспасөз картасы» заңнан алынып тасталды. Сонымен көп тілшінің көкейінде жүрген «Масс-медиа» туралы заңда тағы қандай өзгеріс бар? Мәжілістің жалпы отырысынан Самал Қабышева толық баяндайды.

Бұған дейін журналистің 20 жыл бұрынғы шыққан материалына шағым түсіріп, сотқа беруге болатын. Енді «Масс-медиа туралы» жаңа заңға сәйкес, қалаған адам қалаған уақытында авторды сотқа бере алмайды. Қазіргі заңдағыдай ақпарат құралдарының үстінен шағымдануға шексіз уақыт берілмейді.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары:

Қазіргі заң жобада тек бір жылмен шектелген. Егер де бір жылдың ішінде тиісті заңды немесе жеке тұлға сотқа бермесе, наразылық тудырмаса, онда бір жылдан кейін бұл құқығынан айырылады.

Бұдан бөлек, «Масс-медиа туралы» жаңа заңға сәйкес, Теле және радиоарналарда отандық өнім көлемі көбейеді. 2025 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі отандық өнімнің жалпы көлемі кемінде - 55, 2027 жылдан бастап - 60 пайыз болуы тиіс. Ал «баспасөз картасы» туралы талап заңнан мүлдем алынып тасталды.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл норма – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды, баспасөз картасы туралы норма жойылды.

Сонымен қатар, әкімдікке мемлекеттік теле-радиоарналардың өнімінің қоғамдық көлікте таратылуын қамтамасыз ету және бақылау құзыреті жүктеледі. Мәжіліс депутаттары «Масс-медиа туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат сенаттың қарауына жіберілді.


Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу