Бүгін қала күні мерекесінде «Сарыарқа» велотрегінде «Асқақтай бер, Астана» фестивалі өтеді. Биыл думанды шара елордалықтар мен қала қонақтарын ерекше қуантпақ.
Көпшілік асыға күткен кеште отандық эстрада жұлдыздарымен қатар, әлемге әйгілі әншілер де өнер көрсетеді. Фестивальдің басты қонақтары британдық «BLUE» тобы мен америкалық RnB әнші Akon.
Ұлттық арна тілшілері осы фестивальге қатысатын өнерпаздармен сұхбат құрды. Тұманды Альбионнан келген «BLUE» тобының жігіттері жарты сағат бойы ән шырқаса, көпшіліктің көзайымына айналған Akon дәл осы кеште жаңа әндердің тұсауы кесілетінін айтты.
Akon, әнші:
Астана маған өте ұнады. Ерекше сезімдемін. Жалпы, Қазақстанға екінші рет келдім. Ал, Астанаға алғаш келуім. Мен бүгін көптеген ән шырқаймын. Бір-бір жарым сағат бойы көрермен алдында өнерімді көрсетемін. Бұрын-соңды айтылмаған әндерімді тыңдайсыздар. Мереке құтты болсын! Асқақтай бер, Астана!
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ