Елордада тазалық сақтауға қатысты талап күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада тазалық сақтауға қатысты талап күшейді

12.03.2022

Елордада тазалық сақтауға қатысты талап күшейді. Ережені елемей, қоқысты оңды-солды шашатындарға қомақты айыппұл салынады. 2 ай ішінде шаһарда 400-ге жуық әкімшілік іс қозғалған. Дегенмен, әлі де тазалыққа мән бермейтіндер аз емес. Олармен күресу үшін табиғат қорғау полициясы жұмысын бастады.

Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:

Экология мәселесіне келгенде тұрғындардың айтар уәжі көп. Соның бірі – күл-қоқыс. Бұл Елорда көшелерінің бірінде орналасқан тұрғын үй кешенінің маңындағы көрініс. Бір қызығы мынадай бос контейнерлер тұрса да, құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық заттар, тіпті баланың төсегі мен нанның қиқымы далада шашылып жатыр.

Бас қаланың басқа бейнесі осы. Аула маңы қоқыстан көрінбейді. Тұрғындар бар кінәны әкімдік пен пәтер иеленушілер кооперативіне ысырып отыр.

Ғани Сапқұлов, қала тұрғыны:

Қоқыс деген міне тұр. Аурудың бәрі. Айтсақ ешкім елемейді. Келісімшартқа отырған кезде қолдарына алу керек еді. Әкімдікке айтқанбыз мына қарын тазала деп. Оныда тазаламай жатыр.

Қазыбек Нұрғалиев, қала тұрғыны:

КСК дұрыстап істемейді. Күн жылынса мынау сасиды. Оған дейін мұны тазалайтын шығар енді...

Ал олардың өз уәжі бар. Айтуларынша, тұрғындар қоқыс шығаратын компаниялармен келісім жасасуға асығар емес. 9 үйдің үшеуі ғана құжатқа қол қойған.

Махаббат Мақсұтқызы, Тұрғын үйге қызмет көрсетуші компанияның өкілі:

Күнделікті үйіліп жатады. Контейнерлер пустой тұрады, бірақ оған тастамайды. Енді ол тұрғындардың өзіне байланысты деп ойлаймын.

Қос тарап дауласқанмен шаруа бітпейді. Оның үстіне бұдан былай тазалық сақтамағандарға талап қатаң. Экологиялық полиция құзыретін кеңейтті. Енді бірден шара қолдануға құқылы.

Дильшат Тойшыбаев, Сарыарқа аудандық полиция басқармасы, табиғатты қорғау бөлімшесінің бастығы:

Суммаға келетін болсақ 505-бабта 30-40 МРП айыппұл болады. Қазіргімен есептегенде 122 мыңдай болады. Тұрғындар жақын маңайға, аулаға, белгіленбеген жерге қоқыс тастаған жағдайда әріптестеріміз 434-баб бойынша шара қолданады. Ол жерде ескерту жоқ. Бірден айыппұл қолданады.Ол кезде 15 мың теңге айыппұл салынады.

Жыл басынан бері 2 айдың ішінде осындай тәртіпсіздіктер бойынша 400-ге жуық әкімшілік іс қозғалған. Пәтер иеленуші кооперативтері, бизнес пен базар иелері қомақты айыппұл арқалады. Өз ісіне салғырт қарағандарға қашанда жаза бар. Өйткені, дер кезінде жүргізілмеген тазалық сақтау ережелерінің соңы жауапкершілікке тартуға әкеп соқтырады.

Ақмаржан Ғафизқызы

Хабарламаларға жазылу