Украинаның Мариуполь қаласында перзентхана мен балалар ауруханасы бомбаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның Мариуполь қаласында перзентхана мен балалар ауруханасы бомбаланды

10.03.2022

Ресей әуе күштері Украинаның Мариуполь қаласында перзентхана мен балалар ауруханасын бомбалады. Соңғы мәліметке қарағанда, кемінде 17 адам жараланған.

Авиациялық соққыдан кешеннің терезелері қирап, оның маңындағы бірнеше машина өртеніп, күлге айналды. Сонымен қатар, ағаштар құлаған.

Ғимарат ішінде болған адамдарды полицейлер мен жауынгерлер эвакуациялады. «Интерфакс» агенттігінің дерегінше, әуе соққысы атысты тоқтату туралы ымыра кезінде жасалды.

Президент Владимир Зеленский болса, әскери жағдай кезінде барлық украиналықтарға қару ұстауға рұқсат беретін қаулыға қол қойды. Мұны РИА Новости агенттігі Жоғарғы Раданың мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлап отыр.

РФ қорғаныс министрлігі Украинаға міндетті әскери қызметтегі жауынгерлерді жіберу фактілерін растады

Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков Украинаға міндетті әскери қызметтегі жауынгерлердің де жіберілгені туралы бірнеше фактіні растап, олардың кері қайтарылғанын айтты. Бұған дейін президент Владимир Путин көрші елге келісім шартпен қызмет ететін сарбаздардың ғана жөнелтілгенін мәлімдеген еді.

АҚШ Ресейдің Украинада 5-6 мың адам жоғалтқанын мәлімдеді

Ал, АҚШ Украинада Ресей 5-6 мың адам жоғалтқанын жариялады. Мәскеу болса, құрбандар санының 500-ге жетпейтінін хабарлап отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу