Жамбыл облысында 4 мыңнан аса жас маман ауылды жерлерге жұмысқа орналасқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 4 мыңнан аса жас маман ауылды жерлерге жұмысқа орналасқан

25.02.2022

Жамбыл облысында соңғы 10 жылда 4 мыңнан аса жас маман ауылды жерлерге жұмысқа орналасқан. Олардың дені - мұғалімдер. Озық ойлы жастардың ғылыми жобалары сәтті іске асып жатыр.

Бұл роботты ауыл мектебінің жас мұғалімі Қайрат Қарасаев оқушылармен бірге құрастырып шығарған. Елімізде індет күшейген тұста, дәл осы ақылды роботтың көмегі тиді. Оқу ордасының кіре берісінде тұрған құлтемірдің қызметі - келгендерге сақтық шараларын ескертіп, антибактериалды сұйықтықты сеуіп тұру. Қайраттың бұл жобасы Жамбыл облысындағы үздік 5-тің ішіне кірген.

Қайрат Қарасаев, Жас маман:

Алдағы уақытта мақсат, енді тағы бір қарастырылып жатқан шағын ғылыми жобаларымыз бар. Және де бұл тек қана робот емес, мысалға алатын болсақ, ауылдық жерлерде техникалық бағытты дамыту. Сондай-ақ, мультипликация мультфилм түсіретін алаңдарды дайындау.

Ал Меркі ауданындағы ауыл мектебінің жылыжайы жыл он екі ай жұмыс істеп тұр. Биология пәнінің мұғалімі Эдуард Өзбекбаев қолы қалт етсе, оқушыларымен тәжірибе сабағын осында өткізеді.

Эдуард Өзбекбаев, Жас маман:

Осы жылыжай арқылы бір оқушымызды облысқа жылыжайдың жасалу барысы, ондағы өсімдіктердің зерттелуі солардың барлығына біз про-эко дарын орталығының ұйымдастырған экологиялық жобасына қатыстырған болатынбыз. Сол жерде жүлделі екінші орынға ие болдық.

Бұл жылыжайды ауыл мектебіне былтыр «Жомарт түлек» жобасы аясында 2001 жылғы түлектер тарту еткен. Бақша алғашқы өнімін де беріп үлгерген. Былтыр 600 келі қияр жинап алды.

Бекнұр Асхатұлы, Оқушы:

Біз осы жерде практика жүзінде өзімізге қызанақтардың, қиярлардың өсіп дамуы мен жетілуін қарастырып, оларды зерттейміз. Барлығын зерттей келе біз өзімізге көп сабақтар алдық. Енді екінші кезеңде қызанақ егуде оңай болады деген ойдамын.

Жамбыл облысында соңғы 10 жылда 4000-нан аса жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан. Олардың басым бөлігі осы білім беру саласында.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу