Түркістан облысында жайылымсыз қалған жұрт малын қораға қамап ұстап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жайылымсыз қалған жұрт малын қораға қамап ұстап отыр

22.02.2022

Түркістан облысының Сауран ауданындағы бірнеше елді мекеннің тұрғындары жайылым жерлерді қайтаруды сұрайды. Ауыл іргесіндегі ондаған гектар жерді жалға алған кәсіпкерлер аумақты түгел қоршап тастаған. Амалы таусылған жұрт төрт түлікті қораға қамап бағуға мәжбүр.

Қосмезгіл ауылының тұрғындары айдың күннің аманында өріске жіберген малын осылай шұңқырдан тауып алып жүр. Себебі, жайылым жерді иемденіп алған кәсіпкерлер оның жан жағын қазып, қала берді сыммен қоршап тастаған. Тіпті, шағал тас шығаратын зауыттарға дейін салып, мал өргізетін қарыс жер де қалдырмаған.

Жандос Бердалиев, Қосмезгіл тұрғыны:

Міне барлығын тікен сыммен қоршап тастаған. Мына жерде 70-80 гектар мына жерді қоршаған, мына жерде бір 50-60 гектар жерді қоршаған. Жолшыбай артизан қазып жатқанды көріп жатырсыздар. Малдың өті ауылдан бір километр жер де шықпайды. Ауылдың дәл іргесі. Тура жайылымның артында тас завод салынған. Дәл ортаға, мал жайылатын жерге.

Әкімдік Шорнақ ауылдық округіне қарасты үш елді мекенге ортақ жайылымды басқа ауылдың аумағына ауыстырған. Алайда, 13 мың тұрғынның төрт түлікті көрші ауылға айдап апарып жаюға шамасы жетпейді. Малмен жан бағып отырған жұрт соңғы бес жыл бойы жем-шөпті сол кәсіпкерлерден сатып алып келеді. Ал, қысты күні малға азық таппай қиналады.

Молдаш Әбдіжамалұлы, Қосмезгіл тұрғыны:

Жүз пайыз осы мәселе, жайылымдық жер жоқ. Шорнақ әкімшілігі полный, мен ашық айтамын. Аша, мына жағында Шорнақ малы шығатын жер жоқ. Айнала егіс, бір бай бағлан құс фабрика, жүгері егемін деп елде жоқ артизанның бәрін қазып алған төбеге.

Ал әкімдіктегілердің мәліметінше, жайылым жерлер аудан қорына өтіп, 50 гектары Ораңғай ауылына ауыстырылған. Бірақ біртіндеп Шорнақ ауылдық округіне қайтарылады деп сендірді.

Ұласбек Темірбаев, Шорнақ ауылы әкімінің міндетін атқарушы:

Бүгін-ертең мен қоғамдастық жинап, ауылдың ортақ жайылымы 5 километр ма, 10 километр ма қалдырып, сонымен хаттамасын түзіп, мен жер қатынастары бөліміне өткіземін. Ауылдың малын жаю керек қой, ауылдың шет шетінде. Сол бойынша жұмыс жасаймыз енді.

Шоқан Алиханов, Сауран аудандық Ауылшаруашылық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Қоршау жұмыстарын тоқтатуға бір ары қарай жұмыс жасаймыз. Әзірге уақытша бұл мәселе шешілгенше. Әрі қарай мемлекет мұқтаждығына қайтарып, ортақ жайылымға рәсімдеуге жұмыс істейміз.

Жалпы Сауран ауданында жайылым мәселесі өзекті. Облыс орталығына жақын орналасқан ауданда бірнеше елдімекеннің халқы жайылымнан тарығып отыр. Әзірге тек Ескі Иқан ауылындағы жерлер қайтарылды.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу