«Абай» шахтасының екі жұмысшысына кәсібилігі мен батылдығы үшін автокөлік сыйға тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Абай» шахтасының екі жұмысшысына кәсібилігі мен батылдығы үшін автокөлік сыйға тартылды

21.02.2022

Олар өткен жылдың қарашасында болған апат кезінде жедел әрекет етіп, әріптестерінің өмірін сақтап қалған болатын. Қос кеншінің ерлігі ескерусіз қалмады.

Өткен күздің 7 қарашасында «Абай» кенішіндегі кенжардың бірінде кенеттен метан газы таралып, алты кенші қаза тапқан еді. Апат кезінде жер астында 64 адам жұмыс істеп жатқан, оның 8-і ең қауіпті аумақта болған. Сол күні жұмысына кіріскен Наталья Денищук метан концентрациясының шамадан тыс көбейгенін байқаған. Ол жер астындағы қауіп туралы дабылды естіген мезетте бірден электр энергиясын өшіріп үлгірген.

Наталья Денищук, диспетчер:
Ойланып тұратын уақыт болған жоқ, шұғыл шешім қабылдау керек болды. Кенжардағы жұмысшылардың ешқайсысынан жауап болмады. Қатты қорықтым. Кейін олардың қаза тапқанын естідік. Осындай көлемде газ таралған кезде өрт шықса, жарылыс болатын еді.

Ал апат кезінде жұмыста болған Махаммадисмаил Мадмаров дабылды қағылған бойда әріптестерін құтқаруға ұмтылған. Өз өмірін қатерге тігіп, екі үңгушінің жер үстіне шығуына көмектескен. Сол кезде өзі де метан газына уланып қалып, кейін ауруханада емделді.

Махаммадисмаил Мадмаров, кенші:
Сол жағдайдан бері бас ауруы қатты мазалап жүр. Оқыс оқиға кезінде қауіп-қатерді ойлауға мұрша болмайды. Әріптестеріме шұғыл көмек керек екенін түсініп, апат болған жаққа жүгіре жөнелдім. Қаншама жыл бірге жұмыс істеген жандарды жоғалту өте ауыр тиді.

Төтенше жағдай кезінде жоғары кәсібиліктің, батылдықтың үлгісін көрсеткен «Абай» шахтасының екі қызметкеріне де су жаңа автокөліктер сыйға тартылды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу