Абайдың 175 жылдығы Мажарстанда тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайдың 175 жылдығы Мажарстанда тойланды

30.01.2020

Ұлы Абайдың 175 жылдығы Мажарстанда тойланды. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Мажарстандағы елшілігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана Будапештте «Әлем таныған Абай» конференциясын өткізді. Шараға қос елдің ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері мен жастары қатысып, кемеңгердің ұлы мұрасы жайлы ой толғады.  

Қос елдің дипломаттары, зиялы қауым өкілдері ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойын Мажарстанда тойлауды ақынның Будапешттегі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Ескерткіштің жанында басталған Абай оқулары артынша бірнеше ғасырлық тарихы бар көне ғимаратта жалғасты. М. Әуезовтің «Абай жолы» романы мажар тілінде алғаш 50-жылдардың соңында шыққан. Бүгінгі басқосуда сол аударманың екінші басылымы көпшілікке таныстырылып, Мажарстан ғылым академиясының кітапханасына сыйға тартылды.  

Дана Абайдың даралығы жайлы сағаттап айтудан жалықпайтын мажар ғалымдарына қонақжай қазақ «тойдан тарту» ретінде бір-бір шапан кигізді. Елші Жәнібек Әбдірашов зиялы қауым өкілдерін енді Сегед ғылыми университетінде өтетін Абай оқуларына белсене қатысуға шақырды.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу