Қаралы қаңтарда қаза болғандардың жақындары әділдік орнағанын қалайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаралы қаңтарда қаза болғандардың жақындары әділдік орнағанын қалайды

14.02.2022

Қаралы қаңтарда қаза болған 4 жасар Айкөркемнің ата-анасы қызын жазым еткен қылмыскерлердің тезірек табылып, заң аясында жазаланғанын қалайды. Ал, екі баласымен жесір атанған Гүлбахыт Баекенова болса, мемлекеттен көмек сұрап отыр. Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде жақындарынан айырылған жандармен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектесов тілдесті.

Бүлік кезінде ажал құшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханұлы қызының өліміне себепкер болған қылмыскерлерді осылай жазғырады. Олар бейкүнә перзентінің жанын қиып ғана қоймай, үлкен ұлы мен тағы бір қызын жаралаған. 16 жасар Жанель қазір ауруханада.

Айдос Мелдеханұлы, А.Мелдеханның әкесі: 
Сол қыздың амандығын тілеп отырмыз барлығымыз. Сауғып, үйге келсе екен деп отырмыз. Бүгінге дейін екі ауыр ота жасалды. Денесінен 3 оқ шығарды, әлі біреуі бар. Қанша оқ тесіп өтті. Содан аман қалды қызым.

Оқиға 7 қаңтар кешкі сағат 7-8 шамасында болған. Айдос Мелдіханұлының үлкен ұлы көлігіне отырып, қарындастарын дүкенге апара жатқан.

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші: 
4 жасар Айкөркем отырған көлік дәл мына Желтоқсан және Сәтпаев көшелерінің қиылысында оққа ұшқан. Көлікте болған оның аға-әпкелері оқтың нақты қай жақтан атылғанын дөп басып айта алмай отыр.

Сол күні рөлде отырған Бауыржан Мелдеханның сөзінше, көлікке 30-жуық оқ атылған.

Бауыржан Мелдехан, А.Мелдеханның ағасы: 
Қашайын дегенмін, сол кезде көліктің жан-жағынан оқ жаудырды. Содан екі көше жүрдім. Машинам сөніп қалды. Артыма қарасам Айкөркемнің басына оқ тиген, миы көрініп тұрды. 

Қазір қара жамылған отбасы әділдік орнағанын, қылмескерлердің табылып, заң аясында жазаға тартылғанын қалайды. Ал, кино саласында көп жыл режиссер, оператор қызметін атқарған Сәкен Битаев та қаңтар трагедиясының құрбаны болды. 5 қаңтар күні түн ішінде досымен бірге оқиғаларды таспаға баспақ болған жерінде ажал құшқан. Қазір қос қызы әкесі туралы жиі сұрайды. Ал Гүлбахыт үшінші перзентін күтіп жүр.

Гүлбахыт Баекенова,  С.Битаевтың жары: 
Қасындағы досының айтуы бойынша бұларды 20 шақты адам қоршап алған. Беттерінде маска, қарапайым киініп алғандар. Менің ойымша бұзақылар атқан. Машинаны тартып алмақ болған ғой. Машинаны бермей қаша бергенде артынан оқ атқан.

Жесір қалған Гүлбахыт құқық қорғау органдарына шағымданып, күйеуін өлтіргендерді табуын сұрап арыз жазған. Десе де, қиын кезеңде полицейлердің алқымынан алмай, нәтиже болғанша сабыр сақтаймын дейді. Алайда Үкіметтен баспана мәселесінде көмек сұрайды. Себебі, арқа сүйер азаматынан айырылған ананың ай сайын ипотека төлеуге жағдайы жоқ.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу