Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин кездесуінің нәтижесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин кездесуінің нәтижесі

10.02.2022

Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары Қазақстанда ашылатын болды. Олардың алғашқысы Алматы мен Атырау қалаларында пайда болмақ. Бүгін Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесімен осындай келісімге келді. Тараптар цифрландыру, ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру және атом энергетикасы саласында мамандарды бірлесіп даярлауға да келісті. Жоғары деңгейдегі кездесу жайында Мәскеуге арнайы барған тілшіміз хабарлайды.
Досжан Маратұлы, тілші:
Ресей еліміздің негізгі экономикалық серіктесі деп жиі айтамыз. Алыс беріс, барыс келіс жыл сайын артып келеді. Былтыр пандемияға қарамастан тауар айналым 20 миллиард долларға жеткен. Десе де қос елдің әлеуеті әлдеқайда жоғары. Сондықтан тараптар көрсеткішті арттыруға мүдделі.
Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев жақында берген сұхбатында да айтқан еді. Сондықтан Ресей президентінің шақыруымен Мәскеуге арнайы келді.
Президенттер өткенде ғана Санкт-Петерборда жүздескен. Бірақ бұл жолғы кездесудің жөні бөлек. Қазақ-Орыс ынтымақтастығына биыл 30 жыл. Осыған орай экономикалық қана емес, гуманитарлық, білім, ғылым, энергетика салаларында да байланысты бекемдей түсу көзделген. Қаңтар оқиғасы да назардан тыс қалмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шақырғаныңызға рахмет. Бұл менің Қаңтар оқиғасынан кейінгі алғашқы сапарым. Қазір елімізге шабуыл жасаған террористер мен бандиттер ұсталып, тергеу жүріп жатыр. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскері елде тұрақтылық орнатуға септігін тигізді. Кінәлілер анықталып, лайықты жазасын алады. Ал бүгінгі кездесуде қос тараптың мүддесіне сай, келісімдерге келеміз деп ойлаймын.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Ресейге қош келдіңіз. Сізді көргеніме қуаныштымын. Шын мәнінде қаңтар оқиғасына қатты алаңдаушылық білдірдік. Сіздің басшылығыңызбен бәрі қалпына келіп, жақсы боларына сенемін.
Бұдан соң мемлекет басшылары жабық есік жағдайында үш сағаттан артық кеңесті. Кейін келелі кездесудің қорытындысын бірлесіп жариялады. Мемлекет басшысының айтуынша маңызды келісімдер көп. Мәселен Ресейден елімізге инвестиция көбейеді. Яғни Қазақстанда зауыт салу секілді ортақ жобалар іске асып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанда шетелдік инвестицияға салынған кәсіпорындар саны бойынша Ресей көш бастап тұр. Әрбір үшіншісі кәсіпорын Ресей компанияларының қатысуымен бой көтерген. Инвестиция Қазақстан нарығының барлық саласында бар. Бүгін өндірістік кооперацияны дамыту жолдарын бүге-шүгесіне дейін талқыладық. Бұған дейін қос мемлекет 13 жобаны аяқтады. Енді жалпы құны 2,6 миллиард доллар болатын 8 жоба іске асырылып жатыр. Тағы 11 жобаны бастау мәселесі пысықталады.
Тағы бір келісім - білім саласына қатысты. Президент бұған дейін қазақ жастары технарь болу керектігін айтқан. Сол үшін Ресейдегі жетекші техникалық университеттердің филиалдары елімізде ашылмақ. Өйткені бізде экономист, заңгер, менеджер секілді мамандар көп те, инженерлер жетіспейді.
 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалын Алматыда, ал Губкин атындағы жоғары оқу орынының бөлімін Атырауда ашу бойынша жұмыс басталды. Тіпті Бауман атындағы атақты техникалық университеттің дипломын да өз жерімізде жүріп алу мүмкіндігі қаралып жатыр.
Жаһандық қауіпсіздік мәселесіне де президенттер алаңдаушылық танытып отыр. Қазір Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынас ушығып тұр. Осы орайда Мемлекет басшысы кез келген мәселенің бейбіт жолмен шешілеріне сенім білдірді. Әрі келіссөздер, келіссөздерді жәй ғана өткізу үшін жүргізілмеуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Күллі адамзаттың болашағы жаһандық ірі ойыншылардың өзара сенімі мен конструктивті диалогына байланысты. Осы орайда ресейлік және батыстық серіктестердің тығырықтан шығар жол іздеп жатқаны құптарлық іс.
Тараптар цифровизация, ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру және атом энергетикасы саласында мамандарды бірлесіп даярлауға да келісті. Президент бұл уағдаластықтар екі ел арасындағы көпжақты байланысты арттыра түседі деді. Енді Мемлекет басшысының сапары Қазан қаласында жалғаспақ.

Хабарламаларға жазылу