АҚШ-тың 1700-дей жауынгері мінген ұшақ жексенбіде Польшаға қонды. Олар НАТО-ның шығыстағы қорғанысын арттырмақ. Америкалық сарбаздар Украинамен шекараға жақын маңда шоғырланады. Бұл туралы Польшаның қорғаныс министрі Мариуш Блащак мәлімдеді. Айта кетсек, Құрама Штаттар Украинаға қатысты жағдайдың ушығуына байланысты Румыния мен Польшаға 3000 сарбаз жөнелтетінін мәлімдеген еді.
Британия арнайы жасақ жауынгерлерін жіберді
Тағы бір мәліметтерге сай, Ұлыбритания Украинаға арнайы мақсаттағы жасағының жүзден астам жауынгерін жіберген. Британиялық «Миррор» газетінің хабарлауынша, Құрама корольдіктің арнайы күштері Украина қарулы күштеріне көмектесіп, кеңес берумен айналысады.
Э.Макрон мен В.Путин кездеседі
Соңғы айларда Ресей мен Батыстың қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Вашингтон мен Брюссель Мәскеуді Украинаға басып кіруді жоспарлап отыр деп айыптайды. Ал Кремль мұны үнемі жоққа шығарып келеді. Бүгін Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей президенті Владимир Путинмен Мәскеуде кездеседі. Мақсат - Украинаға қатысты шиеленісті бәсеңдету.
Арай Төлегенқызы