Қазақ тілінен сабақ беру - бала күннен бергі арманы. Осындай берік ұстаныммен талмай қазақ тілін үйреніп, ізденіп келе жатқан Кристина Бойко мақсатының алғашқы асуларын бағындырды. Ол бүгінде мектепте оқушыларға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүр.
Кристина әрбір сабақтың кіріспесін осылай бастайды. Балаларға оның мәнісін түсіндіруге тырысады. Ұстаз болуды армандаған бойжеткен Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінде оқиды. Болашақ тіл маманы. Биыл алғаш рет мектепке келіп, педаогикалық тәжірибеден өтуде.
Кристина Бойко, 2-курс студенті:
Мектепте оқып жүргенде гуманитарлық пәндер жақынырақ еді. Әсіресе қазақ тілі пәні өте жақын болды. Сондықтан мамандық таңдауда қазақ тілін таңдадым.
Ыбырай Алтынсарина атындағы орта мектеп - шаһардағы тек қазақ тілінде білім беретін оқу ордасы. Талапты тәлімгер шәкірттермен тез тіл табысып кетті. Тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен ұстаздықтың қырын-сырын жетік меңгеруге барын салуда.
Алмас Қайыпов, мектеп директоры:
Өзге ұлттың қызы дәстүрлі, этнопедагогикасы қалыптасқан мекемеге келіп, қазақ тілінде сабақ беруі - алғаш рет. Білікті мұғалімдеріміз үйретіп, оқу бағдарламасымен таныстырады.
Кристина Шымкентте туып-өскен.Ұлты орыс болғанымен, ата-анасының қалауымен бала кезінен қазақ балабақшасында тәрбие алған. Тілді қатарластырымен ойнап жүріп, тез үйреніп алдым дейді ол.
Кристина Бойко, 2-курс студенті:
Ортам қазақ болғандықтан, кей жерлерде орыстың сөзін ұмытып қалатын жағдайлар болады. Акцентпен сөйлеп қаламын, сол кезде ата-анам күліп қояды.
Кристина жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, еңбек жолын мектептен бастамақ. Өз Отанын қадірлеп, қастерлейтін әрбір азамат ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілді білуі тиіс деп есептейді ол. Бұл - болашақ ұстаздың басты ұстанымы.