Қырғызстан шекарада болған атысқа байланысты іс қозғады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстан шекарада болған атысқа байланысты іс қозғады

28.01.2022

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Тәжікстанмен шекарада болған атысқа байланысты «Бейбітшілікке қарсы қылмыс» бабы бойынша іс қозғады.

Сонымен бірге Баткен облысынан 11 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қарулы қақтығыстан зардап шеккендер бар.

Қамшыбек Ташиев, Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы:

11 әскери қызметкер жараланды. Олар ауруханада жатыр. Оқиға бойынша комиссия құрылып, барлық мәселелер талқыланады. Қазір шекарада жағдай тұрақталды деуге болады. Торт-Кочо елді мекенін бірлесе қадағалауға келістік. Жағдай толық бақылауға алынды.

Тәжік тарапынан 2 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алған. Жараланғандардың арасында 6 сарбаз бар. Тараптар оқ атуды тоқтатуға және шекараға тартылған қосымша әскерді алып кетуге келісті. Тәжік-қырғыз шекарасындағы жағдай бейсенбінің кешінде ушықты. Екі тарап қақтығысқа бірін-бірі айыптады.

Айта кетсек, Қырғызстан мен Тәжікстан арасында шекараның айқындалмаған бөліктері үшін жанжал болып тұрады. Былтыр сәуірде тұрғындардың арасында басталған кикілжің соңы екі ел әскерилерінің қарулы қақтығысына ұласты. Атыс кезінде қос тараптан 49 адам қаза тауып, 287 тұрғын жараланған еді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу