Жезқазғанда азық-түлік бағасына бақылау күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда азық-түлік бағасына бақылау күшейді

24.01.2022

Жезқазғанда азық-түлік бағасына бақылау күшейді. Қазір қаладағы барлық ірі сауда дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы арзандаған. Кәсіпкерлер мен жергілікті билік арасында азық-түлікке қосылатын сауда үстемесін 7 пайыздан асырмау туралы меморандумға қол қойылған. Соның негізінде нан, жұмыртқа, ет пен сүт, қанттың бағасы қолжетімді болып отыр. Жезді өңірден тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.

Жезқазған қаласындағы барлық ірі супермаркеттерде осындай әлеуметтік маңызды азық-түлік сөрелері қойылған. Оларға облыстың тұрақтандыру қорынан және отандық тауар өндірушілерден төмен бағамен өнімдер жеткізіледі. Мәселен, нан бағасы 70-80 теңгеден, жұмыртқа 290, картоп 85 теңгеден сатылуда. Тұз бен қанттың, еттің бағасы да едәуір арзан.

Мәдина Баһадүрова, Жезқазған қаласының тұрғыны: 
Арзан бағасы, өте жақсы. Кеспелері, жұмыртқалары арзан. Жиі келемін осы жерге, бірыңғай аламын. Ауылға да жіберемін.
Нұрлыбек Әбдікәрімов, Жезқазған қаласының тұрғыны: 
Осы дүкеннен аламыз. Жұмыртқа, картоп, бүкіл өнімі арзан. Басқа дүкендерден 20,50, тіпті 100 теңгеге дейін арзан десем де болады.

Жалпы қалада 20 ірі супермаркет бар. Халықтың дені осы дүкендерге барады. Сол себепті кәсіпкерлермен арада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына 7 пайыздан артық үстеме қоспау жөнінде келісім жасалған. Ал өзге тауарларға 10 пайыз ғана қосу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек қалада 200-ге тарта кішігірім дүкен бар. Көбіне-көп бағаны негізсіз өсіретін дүкендер де осылар,дейді жергілікті билік өкілдері.

Данияр Арынғазин, Жезқазған қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: 
Өкінішке орай кейбір біздің кәсіпкерлеріміз бар. Ауланың ішіндегі дүкендер. Олар әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз үстемақы қосуда. Оларға біз күнделікті мониторинг жасаймыз. Әкімшілік қызметкерлері, қала белсенділері тарапынан бақылаймыз.

Азық-түлік құны жанар-жағармайдың бағасына тікелей байланысты. Бұл ретте уәкілетті органның шешімімен бекітілген баға жіті назарда. Мәселен, қаладағы 13 жанармай станциясында сұйытылған газ - 75 теңгеден, бензин -182, ал дизельдік отын 230 теңгеден саудалануда.


Хабарламаларға жазылу