Шымкент қаласында ерлік жасаған сарбазға құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында ерлік жасаған сарбазға құрмет көрсетілді

20.01.2022

Шымкент қаласында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде содырларға қарсы тұрып, ауыр жараланған әскери сарбаз Самандар Тәшкенбаев аман сау ауруханадан шықты. «Ұлттық ұланның» сапында қызмет ететін жауынгер қақтығыс болған күні бұзақыларға тойтарыс беріп, жолындағысын қиратып келе жатқан техниканы тоқтатып қалған болатын.

Айқай-сүреңге қосылып, еліріп алған топты екінші күні тоқтату тіпті қиын болды. Түнгі сағат екінің шамасы. Әкімшілік ғимаратын талқандауды мақсат еткендер жүк тиегіш ауыр техниканы мініп, жолындағысын сүріп келе жатты. Осы сәтте тұрған Самандар Тәшкенбаев бұзақылардың ішіне бұза жарып кіріп, арнайы техниканың тізігін өз қолына алды. Оны тоқтатып, қаруластарын қатерден қорғап қалды.
Самандар Тәшкенбаев, 65/06 әскери бөлімінің сарбазы:
 Жүгіріп барғанымда оң жақтағы есікті ашып қашып кетті. Одан кейін мен техниканы айдап, біздің машинаны өткізу үшін шетке айдап келе жатқам. Оқ жаудырды.
Техникамен арпалысып жүргенде жауынгердің оң жамбасы мен білегіне оқ тиген. Дәрігерлер жедел операция жасап, сарбазды өлімнен аман алып қалды. Он күн бойына ауруханада ем алған Самандар жазылып, кеше отбасымен қауышты.
Ұлын көріп қуанған ата-ана іле шала марапатқа да бөленді. Әскери қолбасшылық батыр ұлды тәрбиелеген ата-анасына алғыс айтып, арнайы төсбелгі тақты.
Шаира Базарбаева,  С. Тәшкенбаевтың анасы:
 Қуаныштымын баламның батыр болғанына, жұртымызды қорғағанына. Бұзақыларға қосылмай жақсы бала болғанына қуанып тұрмын. Бұл атасының жақсы тәрбие бергенінің арқасы.
Жалпы Шымкенттегі екі күнге созылған жаппай тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін «Ұлттық ұланның» 500-ден астам сарбазы жұмылдырылды. Олардың табанды әрекеттерінің арқасында аймақта көп ұзамай тыныштық орнады.
Бекайдар Қаскеев, «Ұлттық ұлан» гвардиясы оңтүстік өңірлік қолбасшысының орынбасары:
 «Ұлттық ұланның» сарбаздары болсын, келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатқан офицерлер болсын батылдық көрсетті. Оны өз көзіммен көрдім. Батыр да, батыл да, қимылдары бір. Жарақаттар болды. Бірақ бәрі қазір сапта. Аман есен. Қызметтерін жалғастырып жатыр.
21 жастағы Самандар Тәшкенбаевтың әскери қызметке алынғанына әлі жыл да толмаған. Ол Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет етеді. Сын сағатта батыл қимылдап, ел мен жерді қорғап қалған оның әрекеті енді көпке үлгі болады.

Хабарламаларға жазылу