Тәртіпсіздік кезінде тәулік бойы міндетін адал атқарған қырағы жандардың бірі – өрт сөндірушілер. Тараздағы қақтығыс кезінде бір сәтте бірнеше ғимарат жалынға оранды. Бірақ құтқарушылар қауіп пен қатерге қарамастан, бастарын бәйгеге тігіп, мемлекеттік нысандарды сақтап қалды. Оқиға кезінде қызметте болған өрт сөндірушімен Нұрдос Болатұлы тілдесіп қайтты.
Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Шухрат Муртаев бұзақылар бүлік шығарған түні кезекшілікте болған. Шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласатыны ойына кіріп те шыққан жоқ. Қоңырау түсе сала өрт ошағына бет алған.
Шухрат Муртаев, аға өрт сөндіруші-құтқарушы:6-шы қаңтар күні кезекшілікке түстім. Сағат түнгі 11-лерге қарай маңызды статегиялық нысандардың өртеніп жатқандығы туралы телефонға қоңырау келіп түсті. Бірден аттандық. Басты мақсат жалын өршімей тұрғанда сөндіру. Бірақ бүлікшілер бізге қолдарында не бар, соның барлығын лақтырды. Біздің машинамызға, техникамызға тас, темір таяқтар лақтырып, ұрды.
Сол күні қалада интернет бұғатталып, ұялы байланыс өшті. Соған қарамастан 101 және 112 нөмірлері жұмыс істеп тұрды. Жағалай сойқан салған содырлар өрт сөндіру көліктерінің жолын бөгеп, жұмыстарына кедергі келтірді. Бірақ, өрт сөндірушілер мемлекеттік маңызы бар стратегиялық нысандарды сақтап қалуға барын салды.
Асқар Базарбаев, Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:Жаппай тәртіпсіздік кезінде біз барлығына дайын болу керек екенін білдік. Қосымша техникаларымызды дайындап отырдық. Жеке құрам зардап шекпесін деп, оларөз қауіпсіздіктері үшін құрылғыларын киіп, кез-келген жағдайға дайын болды.
Тәртіп бұзғандардың басым бөлігі 17-25 шамасындағы жастар екендігі анықталды. Қазір олардың 400-ден астамы ұсталды. Әлі де өңірде қаскөйлерді құрықтау жалғасуда. Көне шаһардың шырқын бұзып, шырайын қашырған мұндай қатігездікті бұрын-соңды көрмеген едік, дейді байырғы тұрғындар.
Бүгінде аймақта ахуал тұрақталды. Ел-жұрт бейбіт күннің қадірін сезініп, дүрбелеңде кеудесін оққа төсеген өжет жандарға деген құрмет артты.