Президент айтқан халықтың табысын арттыру мәселесі қалай шешіледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент айтқан халықтың табысын арттыру мәселесі қалай шешіледі?

16.01.2022

Жұмыссыздық туралы айтқанына келсек, Үкімет жұмыссыздардың санын білмейтін сияқты. Себебі Президент нақты санын анықтау керек деді, екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді тапсырды. 

Бұл бүкіл әңгіменің бастауы – кедейлікке барып тіреледі. Кедейшіліктің де деңгейлері бар. Мүлдем түгі жоқ дерлік адамдар бар; баспанасы жоқ, жалақысы бар, бірақ баспанаға жинауға шамасы жетпейтіндер тобы; баспанасы бар, бірақ айлығы асына жетпейтіндер, тағысын тағы. Алдымен осылай категорияларға бөлу керек деп ойлаймыз. Бұл ғылым. Бұл зерттеуші ғалымдармен жұмыс. Әлеуметтанушы аз, бірақ бар. 

Әлеуметтік блокқа жауап беретін министрліктер әлеуметтік зерттеулерді ең болмаса парақтап отыра ма, жоқ па, білмейміз. Енді мәселелердің қатпар-қатпар қырларына үңіле алатын, құлақ түретін ұсыныс айтатын Серік Бейсембаев сияқты әлеуметтанушылармен танысулары керек. Әйтпесе «заң үстемдік еткен жаққа кетіп қалса ғой» дейтіндер сөзсіз көбейеді. 

Нәзира Дүйсебаева 6 баласын жалғыз өзі асырап отыр. Пәтер жалдап тұрады. Ақысы 25000 теңге. Оған қоса, азық-түлік, киім-кешегі, коммуналдық төлемі мен отын. көмірі бар. Жәрдемақымен күн көреді. Жұмыс істейін десе балалары кішкентай. Үй кезегіне тұрғанмен, нәтиже жоқ. Атаулы әлеуметтік көмекті де ала алмай жүр.

Нәзира Дүйсебаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Алған ақшамыздың бәрін пәтерге, дүкенге беремін. Ана айдан мына айға дейін жетпейді. Азық-түлік, көміріміз де, отынымыз да жоқ. Барлығын анадан, мынадан сұраймыз. Ас ауқатты қарызға алып отырмын. Былай қарасаңыз үйі бар, жайы барлар көп көмек алады. Біз сияқты бейшаралар ештеңе алмайды. АСП-ны да танысы бар адамдар алады.

Бұл елде тұрмыс-тауқыметін көріп отырған бір ғана отбасының көрінісі. Ал ішерге ас, киерге киім таппай өлместің күнін кешіп жүргендердің саны біз ойлағаннан да көп.

Мақсат Халық, экономист:

Бізде кедейлердің статистикасы 4,8 деп айтылады. Бірақ бұл өтірік статистика. Өйткені дүниежүзілік банк көрсеткіштерінде 12 пайыздан асып кеткен. Пандемияның салдарынан 14 пайыздан асуы мүмкін. Демек үш есе көп.

Яғни, экономистің пікірінше, 2 млн 660 мың адамның әлеуметтік жағдайы төмен. Ал осы егемендік алған 30 жылдың ішінде халықаралық деңгейде миллиардер атанғандар аз емес. 50-ге жуығы әлемдік байлардың тізімін жасақтайтын «Форбес» журналына әлдеқашан тіркеліп үлгерген. Қазақ байлары әлемдегі ең ауқатты мың адамның қатарында. Көш басында Владимир Ким, Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева, Михайл Ломтадзедер тұр. Мәселен, ең ауқатты Владимир Кимның байлығы 2 трлн теңгеге жуықтайды. Бұл қазақстандағы 660 мың адамның 1 жылдық орташа жалақысы. Владимир Ким түрлі-түсті қымбат металдарды өндіру және өңдеумен айналысатын «Қаз Минералс Груп» компаниясының президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы, тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін кезі жетті деп санаймын. Ірі бизнес тарапынан ауқымды және тұрақты, астын сызып айтайын, тұрақты аударымдарды күтеміз. Сондықтан Үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайын аударылатын жарналар мөлшерін бекітуі керек.

Біздің жол пролетариат революциясы емес, «қане, босатыңдар!» деп қуып шығатын. Әйтсе де тамыр-таныстықтың арқасында мемлекет ақшасына және коррупциямен табысы еселенген бай-бағландар аз емес сияқты. Кеңес өкіметінің кезінде қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу жөнінде бір емес бірнеше рет қаулы қабылданып, ауқаттылар ауыр кезеңді басынан өткерген-ді. Бұл дұрыс жол емес, әрине. Сондықтан да шығар, Президент еліміздің байларын өз еріктерімен мейірімді болуға шақырды. Жиған тергенінің бір бөлігін тұрмысы төмендерге беруі тиіс. Ол үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын арнайы әлеуметтік қор құрылады. Жиналған қаражат денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге жұмсалады. Қордың басшысы болып талай жылдар жоғары атқарушы билікте істеген Болат Жәмішев тағайындалды. Алғашқы жарналар да түсе бастады. «BI GROUP» басшысы Айдын Рахымбаев пен бір топ кәсіпкерлер бірлесіп, 2 млрд теңге аударды. Депутаттар мен министрлер де бір күндік жалақыларын аударуды ұйғарыпты. Ал Kaspi банктің құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе күні кеше 10 млрд теңге аударды. Өзге олигархтер әзірге үнсіз. Елдегі халықтың 15 пайызға жуығы тақыр кедей, 10 пайызы ауқатты деген бейресми деректерге сүйенсек, қалған 75 пайызының жағдайы қалай екен,

Иә, бізде халықтың басым көбінің тұрмысы да анау айтқандай орташа емес. Көбісінің басында бірнеше несие бар. Баспанасы мен көлігі де басыбайлы өзінікі емес. Ал бұл санатты халықаралық стандарттармен сипаттасақ орта тапқа да жатқызуға келмейді, яғни шын мәнінде олар да кедейлер категориясына кіреді, дейді әлеуметтанушылар.

Эльмира Отар, әлеуметтанушы:

Салықты халық арасында тең бөліп берген елдерде орта тап көбірек. Швецияда 80 пайыз. Ал Қазақстанның шамамен 15 пайызы ғана орта тап.

Бай мен кедей арасындағы алшақтықты жоюдың тағы бір тиімді тәсілін Президент екі жыл бұрын айтты. Яғни салық салудың шкаласын өзгерту қажет. Жаңа Зеландия, Норвегия, Германия елдерінде табысы жоғары азаматтардың салығы да көп. Нәтижесінде халықтың тұрмыс деңгейі өте жоғары.

Мақсат Халық, экономист:

Кез-келген дамыған мемлекетте халықтың мүддесін жоғары қояды. Әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында саясат жүргізіледі. Ол қалай жүзеге асады? Байлар көбірек салық салады. Кедейлер өте төмен пайызда салады немесе босатылады. Бізде жеке табыс салығы 10 пайыз. Бәріне бірдей салынады. Бұл жүйеден ақырын-ақырын кетіп, Салық салудың прогрессивтік шкаласы деген бар. Табыс көп болса салық көп төленеді.

Президент кедейлікпен күрестің кешенді жоспары мен арнайы бағдарлама әзірлеу қажеттігін де айтты. Ол үшін ең алдымен халық тұрмысының төмендеуіне әсер ететін бірден бір фактор – жұмыссыздық мәселесі реттелуі керек. Елде екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің тізімі дұрыс жүргізілмейтінін Президент де біледі екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттік аппарат «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» сияқты теминдермен құтылып кетуді ойлайды. Кесірінен көптеген адам әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Сол үшін бірқатар шара қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет.

Осыған дейін айтылған ақпаратқа сүйенсек, елде жұмыссыздар саны 500 мыңға жуықтайды. Оның 77 мыңы жастар. Шын дерек бұдан да көп екенін бәріміз білеміз. Мамандығы бойынша жұмыс таба алмағандардың бірі - Еламан Қалман. Жоғарғы оқу орнын осыдан 3 жыл бұрын бітірген. Мамандығы – филолог.

Еламан Қалман, қала тұрғыны:

Мен жоғарғы білімім бола тұра, ресторанда даяшы, құрылысшы болып жұмыс істей алмаймын ғой. Жоғарғы білімім болғандықтан мен кәсібім бойынша жұмыс істеуім керек. Қазір оператормын. Оңтүстік өңірде үлкен кісілер былай тұрсын, мамандығы бар жастардың өзіне жұмыс табу өте қиын.

Ал, әлеуметтанушылар мұның бірнеше себебін атады. Біріншіден жастардың дені техникалық саланы емес, гуманитарлық бағытты таңдайды. Одан қалды көп өңірлерде елді тұрақты жұмыспен қамтитын ірі өндіріс орындары жоқ. Президент жиында бұл мәселеге де ерекше тоқталды. Үкіметке «Жастар-іс тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының мерзімін ұзартуды тапсырды. Халықтың әлеуетін бағдарлаудың тағы бір тәсілі бар – әр отбасына қолдау көрсететін әлеуметтік қызметкер бекітілу керек.

Жазира Тұрсынбекова, әлеуметтік жұмыс бойынша PhD докторы:

Әрбір отбасын қолдайтын мамандар керек. Мысалы, шет елде бір кәсіби әлеуметтік қызметкерге жылына 40-60 отбасын береді. Осы отбасыға қарайсың, жауаптысың, оларды қолдайсың, оларды бақылайсың, оларға әл-ауқатын бағалау диагностикасын жүргізесің. Оны бір күнде, бір айда бітіре алмайсың, диагностика кейде бір жылға созылады.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Әйтсе де ауқаттыларға ауыз тосып, қол қусырып отырудың қажеті жоқ. Олардың көмегі мүлдем амалы қалмағандарға арналса керек. Иә, «Өзіңе сен!» принципіне не жетсін. Дегенмен түрлі себептерге байланысты ондай принципке сүйене алмайтындар болады. Және аз емес. Мемлекеттің көмегі әділетті әрі жүйелі болса, аяғына тұрып кететіндер, ақыры қомақты салық төлеп отыратындар көбейеді. Халықтың талаптары да осындай қарапайым қағидалардан тұрады.
«Қаңтар оқиғасы» кезінде тонаушылар аз болмады. Оларды ешкім ақтамайды. Мына аяқ киімді шешіп кеткен жігітті де ақтайын деп тұрған ешкім жоқ. Бірақ қыстыгүні жаздық аяқкиіммен жүргеніне қарағанда жағдайы мүшкіл болған сияқты... Айтқымыз келгені – наразылық шегіне жетіп алаңға жиналатын жағдай, жалаң аяқ дерлік жүргеннен тонауға бару әрекеті енді қайталанбауы тиіс. Бұл өз алдына трагедия. Ал бейбіт митингтті пайдаланып кету, бейнелеп айтқанда, тіпті қорқынышты. Ол кезде мемлекетке келетін қауіптің қандай екенін өкінішке орай, көрдік. Бәрі әп-сәтте екен...





Хабарламаларға жазылу