Қазақстан президенті Қытай Үкіметінің Еуразия елдеріне қатысты істер жөніндегі арнаулы өкілін қабылдады. Ли Хуэймен өткен кездесуде, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың әлеуеті талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев қонаққа екінші дәрежелі Достық орденін тақты.
Ли Хуэй Қытайдың Қазақстандағы елшісі болған. Президент сол кезде қос тараптың қатынасын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Екі елдің бірлігі үшін бекітілген өзге де құжаттар бар. Әсіресе, Мәңгі ынтымақтастық және стратегиялық серіктестікті нығайту хақындағы Декларацияның орны бөлек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастар әрқашан дами береді. Пандемияға байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, биылғы 10 айдың ішінде екі ел арасында сауда көлемінің өскені байқалады. Келесі жылы және алдағы жылдарда елдеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дами береді деп ойлаймын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасы Си Цзиньпинге жүрекжарды сәлем жолдады. Және алдағы жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Нақты мерзімі дипломатиялық жолдар арқылы келісіледі. Ли Хуэйде қабылдауға ризашылығын білдіріп, дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтады.
Ли Хуэй, ҚХР Үкіметінің Еуразия елдеріне қатысты істер жөніндегі арнаулы өкілі:
Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылында зор жетістіктерге қол жеткізді. Қазір Сіздің еліңіз бүкіл әлем құрметпен қарайтын беделді мемлекетке айналды. Қытай-қазақ қатынастары достық және стратегиялық бағытта дамып отыр. Біз ынтымақтастық арқасындағы жемісті нәтижелерді мақтан тұтамыз. Бұл –30 жыл, бір белес қана. ғана. Болашақта да дәстүрлі достығымыз бен стратегиялық серіктестігімізді жалғастыра береміз.
Қытайлық дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевты келер жылы Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысуға шақыруын табыстады. Ал, мемлекет басшысы Ли Хуэйге II дәрежелі «Достық» орденін тақты. Бұл қазақ-қытай достығын нығайтуға қосқан үлесі үшін және екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай берілген марапат. Нысаналы Ығыл «ҰА»