Балаларға арналған төлқұжаттың бағасын арзандату ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балаларға арналған төлқұжаттың бағасын арзандату ұсынылды

29.12.2021

Паспорттың беттері көбейеді, бағасы қымбаттайды

Паспорттың парағын көбейту қажет. Бұл туралы көші-қон туралы заңнаманы жетілдіруге арналған жиында Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов мәлім етті. Қазір көші-қонға байланысты 9 заңға өзгерту мен толықтыру енгізу қарастырылуда. Соның бірі – төлқұжатқа қатысты.

Қазіргі паспортта 36 бет бар. Алайда шетелге жиі шығатын азаматтарға ыңғайлы болу үшін ересек азаматтарға арналған төлқұжаттың парағын 48-ге дейін арттыру ұсынылып отыр. Сәйкесінше оның бағасы да қымбаттайды. Дегенмен 36 парақты төлқұжат та қолданыста қала береді, мерзімі де сол күйінше 10 жылға дейін жарамды болмақ.

Балаларға арналған төлқұжаттың мерзімін қысқартып, бағасын арзандату ұсынылды

Сондай-ақ балалар паспортының мерзімін қысқарту ұсынылды. Себебі балалардың сыртқы келбеті тез өзгереді. Яғни балалар төлқұжатын 12 жасқа дейін емес, 5 жасқа дейін етіп беру қажет. Кейін 12 жастан 16 жасқа дейін беріледі.

Одан әрі төлқұжат пен жеке куәліктің жарамдылығы әдеттегідей 10 жыл болып қала береді. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларға берілетін төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын 23 336 теңгеден 11 668 теңге дейін төмендету мәселесі де көтерілді.


Хабарламаларға жазылу