Бүгін таңертең Алматы – Өскемен бағытындағы тасжол барлық көлік түрі үшін жабылды. Боран, түк көрінбейді. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бұл бағытта сапарға шықпаңыздар деп отыр.
Ал кеше таңертеңгі 10 шамасында Алматы облысындағы Алматы-Қорғас тас жолында ірі жол апаты болды. Қалың тұман мен тайғақ жолдың кесірінен бір мезетте 17 авокөлік бір-біріне соғылып, жапырылып жатты. Абырой болғанда адамдар аман. Әр түрлі дене жарақатымен 5 адам жақын маңдағы Шелек ауылындағы ауруханаға жеткізілді. Адамдардың айтуына қарағанда, ешнәрсе көрінбейтін болып түскен тұман мен көктайғаққа қарамай, ҚазАвтожол жолды дер кезінде жаппаған. Жол, болар іс болып қойған соң сағат 12.00 де жабылып, 14.30-да қайта ашылды Жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтап-сақтамағаны да белгісіз. Айта кету керек, бұл жол ақылы. Дәл осы фактор қоғам наразылығын тудырып отыр. Ақшасы төленетін жолға құм мен тұз себілмеуі осындай жағдайға себеп болды дейді ашулы жүргізушілер.Алматы облысы тұрғындарына жолдың жабылғаны туралы бүгін де СМС хабарлама келді.
Алмас Кегенбаев, Алматы облыстық Полиция департаменті жол патрульдік батальонының взвод командирі:
Аталған жолдың 84 шақырымынан бастап, 136 шақырымына дейін жол жабылды. Құрметті жүргізушілер! Қозғалыс кезінде мұқият болуларыңызды және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Жылдамдық тәртібін бұзбау және ара қашықтықты сақтап жол ережелерін сақтауды сұраймыз.