Талдықорғанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында Алматы облысы әкімінің «Самғау-2021» дәстүрлі сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Бесінші жыл қатар ұйымдастырылған шараға 120 ұсыныс түсіп, ішінен 12 номинация бойынша кіл мықтылар анықталды.
Жыл сайын өтетін Самғау байқауы ақпарат айдынында жүрген әр журналистің шеберлігін шыңдап, жүлдегер атануына жақсы мүмкіндік беріп келеді. Өңірдің тыныс-тіршілігімен халықты хабардар етіп, қоғамды толғандырған мәселелерге қалам тербеген қауымға жүлдені облыс әкімі Қанат Бозымбаев табыстады.
Қанат Бозымбаев, Алматы облысының әкімі:
Халық пен билік арасында алтын көпір болған, Жетісу жері мен мемлекетіміздің ақпараттық дамуына қосқан сіздердің үлестер зор.
Алматы облысында 193 бұқаралық ақпарат құралы тіркелсе олардың 150-і мерзімді басылым. Бұл байқауда журналистерден бөлек блогерлер де, оператор мен режиссерлер де, баспасөз хатшылары да бабы мен бағын сынай алады.
Нұрбол Қанағат, Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
Мен тау-таста жүргенде, ары-бері қыдырған кездегі салт-дәстүрлерді көрем. Соны да тек өзім ғана көрмей өзгеге де жеткізуге де көздедім. Өйткені Ютубтың шексіздігі, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін ютуб арнасында.
Бұрым Орынбасар, «Заман жаршысы» газетінің тілшісі:
Бұл шара жалпы барлық жетісулық журналистерге жол ашады, талпыныс сыйлайды, құлшыныс сыйлайды деп ойлаймын.
Өңір басшысы келер жылы да бұл байқаудың ауқымын арттырып, қаламы қарымды журналистерге шығармашылық қолдау көрсете бермек.
Қуаныш Қанатұлы