Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

07.09.2021

Токио Паралимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Наградаларды мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев табыстады. Шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Президент Жарлығымен Давид Дегтярев III дәрежелі «Барыс» орденімен, Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев «Парасат» орденімен, Нұрдәулет Жұмағали «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, алтын медаль иегеріне 106 млн теңге, күміс медаль алған 3 спортшының әрқайсысына 63 млн, қола жүлдегерге 31 млн теңгенің сертификаттары табысталды. Бапкерлер де ақшалай сыйлықтарға ие болды. Айта кетейік, Токио төрінде параспортшыларымыз 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль иеленген болатын.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Токиода өткен Паралимпиада ойындарында тағдырдан теперіш көрген жандардың ерлігіне жер жүзі тік тұрып құрмет көрсетті. Олай болуы заңдылық еді. Өйткені олар тепсе темір үзетін, он екі мүшесі дін-аман, дені сау кей адамдар жете алмаған жетістікке жетіп, белесті бағындырып, жеңіс туын желбіретті. Расында, бұл қандай құрметке де, қошметке де лайық әрекет. 
Теміржан Дәулет, Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері:
Қазақ халқына арнаймын жеңісімді.  Өте қуаныштымын. Бұл еңбек қой. Қаншама тер. Бұған дайындық жақсы өтті. Бәрінің үлесі бар. 

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу