Ақтөбелік тұрғындар алаяқтарға алданып қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік тұрғындар алаяқтарға алданып қалған

21.12.2021

Ондаған ақтөбелік алаяқтарға алданып қалған. Белгісіз біреулер банктің қауіпсіздік қызметіненбіз деп хабарласып, тұрғындардың жеке мәліметтерін біліп алған. Сол арқылы несие рәсімдеп, ақшаны белгісіз шоттарға аударып отырған. Қазір 30-ға жуық тұрғынның атына жалған несие рәсімделгені белгілі. Алайда алданғандардың саны әлі де артуы мүмкін.

Гүлшат Айтқазиева - ең көп шығынға батқандардың бірі. Ол үш банктен 9 миллион теңге несие алған болып шықты. Телефон арқылы өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адам оның сеніміне кіріп, онлайн операцияларды жасауға көндірген. Алдымен екі банктен ақша шештіріп, кейін несиені тоқтату үшін банкке бару керегін ескерткен.

Гүлшат Айтқазиева, қала тұрғыны:

Тағы сондай схема, «Альфа банкке» аяғыммен бардым, 2 млн кредит, бәрін қосқанда 8 млн 800 мың менде. Бәрін біреуге аударған, тағы 2 қарашада түскен жалақым да жоқ, ештеңе жоқ. 

Алданған тұрғындардың көбі бір сәтте қаржы ұйымдарына 2 миллионнан 9 миллион теңгеге дейін қарыз болып шыққан. Тұрғындар Полиция департаментіне арызданған, алайда алаяқтар табылар емес. Жалпы, өңірде жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 1620 іс қозғалған.

Нұрболат Сұлтанов, Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

Онлайн несиелеу бойынша 74 дерек тіркелді. Оның ішінде 13 қылмыстық іс сотқа жолданды. Тағы 13 қылмыстық іс басқа облыстарға жолданды. Қалғандары өндірісте. Қылмысты жасаған тұлғаларды анықтауға жедел іздестіру шаралары жүріп жатыр.


Хабарламаларға жазылу