Қостанай облысында соңғы жылдары мал саны көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында соңғы жылдары мал саны көбейді

09.12.2021

Қостанай облысында соңғы жылдары мал саны көбейді. Соның ішінде асыл тұқымды түліктің үлесі артып келеді. Мамандардың айтуынша бұған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау оң әсер етіп отыр. Биылдың өзінде облыста мал шаруашылығын дамытуға 8,2 миллиард теңге бөлінген.

Науырзым ауданында тұратын шаруа Сержан Алдажұмановтың 200-ден астам ірі қарасы бар. Негізінен асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырлары. Бұлар көп күй талғамайды. Жерігілкті табиғатқа төзімді, әбден қар қалыңдап суық түскенше далада жайылады. Тез салмақ жинайды, етін жағынан да қиындық жоқ.

Сержан Алдажұманов, шаруа:

2 жасында жақсы салмақ тартады. Мысалы 2 жасар бұқалардың салмағы 500 келіге дейін жетеді. 5 жастағылары 1 тоннаға дейін барады.

Ал аудан орталығы Қарамеңдідегі Ринат Ахметовтің шаруашылығында Әулиекөл және Абердин Ангус тұқымды сиырлар өсіріледі. Кәсібін 2017-ші жылы бастаған шаруаның малының саны бүгінде 155-ке жеткен. Алдағы уақытта түліктің қарасын бұдан әрі молайтып, қазақтың ақ бас сиырын ұстауды да көздейді.

Ринат Ахметов, шаруа аударма:

Адамның өзінің ынта-ықыласы болмаса, жұмыс өнбейді. Ондай жағдайда тіпті мемлекеттен көмекке беріліп жатқан миллиондаған қаржының да көмегі болмайды. Мен 20 жыл Алматыда тұрдым. Бірақ үлкен қалада көңілім қанағаттанарлықтай жетістікке жеткем жоқ. Сосын ауылға оралып, ата кәсіппен айналыса бастадым. Бұл жер өзіме ұнайды, жаныма жақын.

Жалпы Науырзым ауданында мал өсірумен айналысатын ірілі-ұсақты жүзден аса құрылым бар. Соның төртеуі асыл тұқымды шаруашылық дәрежесіне ие. Солардың бірі Раздольный ауылындағы Вахид Гарашовтың қожалығы.

Вахид Гарашов, Шаруа қожалығының басшысы:

Жұмыстың алға жылжуына мемлекеттің қолдауы үлкен сеп болып отыр. Асыл тұқымды әрбір түлікке субсидия төленеді. Оның сыртында жем-шөпке де демеуқаржы берілді. Соның арқасында қуаңшылыққа қармастан мал азығын жеткілікті дайындадық.

Науырызым ауданында тек биылдың өзінде ірі қара, ұсақ малдың саны 5 пайызға өссе, жылқы 10 пайызға көбейген. Алдағы жылы бұл салада бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу