Елімізде жыл сайын 35 мыңға жуық адамнан онкологиялық ауру анықталады. Қазір 200 мыңға жуық қазақстандық онкологиялық сырқаттар бойынша есепте тұр. Мамандар «жаман» аурудың алу мен жеңудің басты жолы – уақытылы қаралып, ем алу дейді. Осы мәселеге қатысты арнамызға Нұр-Сұлтан қаласының бас онколог-дәрігері, көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев арнайы сұхбат берді.
Оның айтуынша, ауруды асқындырып алмау үшін кем дегенде жыл сайын тексеріліп тұру қажет. Адам бойынан онкологиялық ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым оны жеңудің мүмкіндігі мол. Бүгінде елімізде онкология дертімен күреске барынша көңіл бөлініп келеді. Диагностикадан өту мен емдеу шаралары толықтай тегін. Яғни сырқаттарға дәрі-дәрмек, құрал-жабдық және басқа да қажеттілікті мемлекет өзі көтереді. Ол үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама да бар. Мұндай қамқорлық мыңдаған адамның өмірін сақтауға сеп болуда.
Мұхтар Төлеутаев, Нұр-Сұлтан қаласының бас онколог-дәрігері:
Біздің елімізде, шет елдерде, өркениетті елдерде қандай? Израиль болсын, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Кореяда қандай ем қабылдай алса, сол ем біздің азаматтарға да қолжетімді. Ісіктің негізін анықтау үшін генетикалық молекулярлық тексеру жасалады. Соған байланысты дәріні тағайындау жолдары да біздің елімізде қолжетімді.