Алғаш рет әлем онкологтарының ауқымды саммиті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғаш рет әлем онкологтарының ауқымды саммиті өтті

15.10.2019

Егер адамдар темекі шегуден бас тартса, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар саны 3-тен бірге азаяр еді. Өйткені жүрек-қан тамырлары дертінен кейін өлім-жітімнің екінші себебі осы обыр болып отыр. Мұндай пікір онкологиядағы дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде айтылды. Ауқымды шара Орта Азия аймағында алғаш рет ұйымдастырылды.

Фариза Мұсақызы, тілші:

Онкология саласындағы бүкіләлемдік көшбасшылар саммиті. Қатерлі ісікке қарсы бағытталған жаһандық жиын. Ауқымды шараны өткізу биыл бас қаламызға бұйырды. Оған халықаралық ұйымдар мен әлем елдерінен 350-ден астам көшбасшы келді. Яғни 21 ғасыр індетімен күресуде түрлі шешім мен шаралар қабылдау осы адамдардың қолында десек те болады. Өйткені соңғы 5 жылда бүкіл әлем бойынша 48 миллион адам осы дертке шалдыққан.

Қазақстандағы статистика да көңіл көншітпейді.

Қатерлі дертке жыл басынан бері 35 мың адам шалдыққан. Елдегі 180 мың науқастың диагнозы осы. Олардың 90 мыңы сауығып кеткен. Алайда жыл сайынғы өлім-жітім 15 мыңға жуық. Науқастар арасында өлім көрсеткішінің жоғары болуы – диагностиканың кеш жүргізілуінен дейді мамандар. Елде қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау үшін тегін скринингтер жүргізіледі. Дегенмен обыр дертінің алғашқы деңгейі қазақстандықтардың 25 пайызында ғана анықталады екен. Қалғандары ауруын асқындырып алған соң ғана дәрігерге қаралады.

Диляра Қайдарова, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты басқарма төрайымы:

Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары және Павлодар өңірінің тұрғындары онкологиялық ауруларға көп шалдығады. Біздің басты мақсатымыз– халықты ақпараттандыру. Өйткені дертті ерте анықтаса, аурудан айығып кетуге мүмкіндік көп.

Тұрғындардың денсаулығына немқұрайлы қарап, тексерістен уақытылы өтпеуі негізгі себеп емес. Мәселен, обырдың арасында өкпе қатерлі ісігі алдыңғы орында. Оның алдын алу үшін темекіден бас тарту қажет. Алайда адамдар оған да мән бермейді.

Дина Майред, Иордания ханшайымы, Қатерлі ісіктің алдын алу дүниежүзілік одағының президенті:

Әлемде темекіден бас тартса, онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны 22 пайызға кемитін еді. Бұл күнтәртібінде тұрған ғаламдық мәселе. Нұр-Сұлтанда осы саланы жетік білетін көшбасшылар жиналып жатқанына қуаныштымыз. Осылайша біз обыр дертіне халықаралық қауымдастықтар мен әлем лидерлерінің назарын аударамыз деп ойлаймын.

Былтыр Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрес бойынша төрт жылға арналған кешенді жоспар әзірленді. Оған 35 миллиард теңге қарастырылды. Десе де, дәрігерлердің пікірінше, мәселе қаражат көлемінде емес, әр адамның өз денсаулығына деген әлеуметтік жауапкершілігінде болып тұр.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу