БЖЗҚ-дағы қаржының жеткілікті шегі өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БЖЗҚ-дағы қаржының жеткілікті шегі өседі

03.12.2021

Елімізде келер жылдан бастап зейнетақы қорынан алуға болатын қаражаттың жеткілікті шегі өзгереді. Біржолғы зейнетақы төлемі енді 2022 жылы 1,8 есе артады. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары хабарлады. Себебін, сала мамандары қалай түсіндіреді, сарапшылар қауымы қандай пікірде. Раушан Сайлауқызы толығырақ.

Бүгін таң сәріден зейнетақы қорының сайтында жарқ еткен жаңалық көпті әуре сарсаңға салды. Тіпті, жүктеменің көптігінен кей сайттар істемей қалды. Жаңа талапқа сәйкес, келер жылдан бастап қордағы қолжетімді қаражат шамамен екі есе өседі. Мәселен, 20 жастағы салымшының қорында бұрыңғыдай 1млн 710 мың емес, 3 млн 140 мың теңге болуы тиіс.

Зейнетақы қоры өкілдерінің айтуынша бұл бюджет туралы заңға сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы және ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштердің артуына байланысты. Осыған сәйкес, енді біржолғы зейнетақы төлемінің көлемі де жыл сайын өзгереді.

Жанат Құрманов, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы:
Ең төменгі жалақы 41 пайызға, 42500-ден -60 мыңға көбейді. Ең төменгі жеткілікті шек жас ерекшеліктеріне қарай өзгереді. Бірақ орташа өсім 64-тен 83 пайызға жетеді. Бұл Үкімет бекіткен әдістемеге сәйкес, уәкілетті органдармен келісілген шешім. Үкіметтің қаулысы жыл басында қабылданған болатын. Жеткілікті шектің өзгеруі әлеуметтік-экономикалық параметрлердің өзгеруіне байланысты. Яғни, қолданыстағы заңға сәйкес есептелді. Келісілген параметрлердің тұтас кешені бар.

Алайда экономистердің пікірі бұған қарама-қайшы. Керісінше айналымдағы қаражаттың азаюынан деп болжайды. Өйткені осыған дейін халық 2 трлн теңгені алып үлгерді. Сәйкесінше, қордағы ақша азайды.

Сапарбай Жобаев, экономист:
Ең кіші айлық кейінгі берілетін зейнетақымызға оншалықты байланысты емес, себебі 20 жылдан кейін не болады, 30 жылдан кейін не болады. Бірақ бұл жерде екінші мәселе бар. Зейнетақы қорындағы ақша бұл - Қазақстанның инвестициялық әлеуеті. Бұл қаражат азайса шетелдік инвесторлардың күмәнін тудырады. Сондықтан Үкімет шектеп, зейнетақы қорындағы ақшаны көбірек қалдыруды ойластырып жатыр.

Үкіметтің жоспарына сәйкес, бұл қаражат халықтың 3-4 пайызына бұйыруы керек еді. Алайда әзірге пайдасына жаратқандар саны 2 жарым пайыз ғана. Яғни, 500 мың адам. Ал қалған бір жарым пайызы алдағы 3 аптада үлгере ме жоқ па, ол әзірге белгісіз. Зейнетақы қорының мамандары келер жылы алатындардың да тізімін бекітіп қойыпты. Олар шамамен 582 мың адам, жинақтың жалпы сомасы шамамен 900 миллиард теңге.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу