«QazVac» вакцинасы енді Швейцарияға экспортталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«QazVac» вакцинасы енді Швейцарияға экспортталады

29.11.2021

«QazVac» вакцинасы енді Швейцарияға экспортталады. Бүгін екі ел осыған қатысты келісімшарт жасасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Швейцария конфедерациясына барды. Президент Женевада бірқатар келіссөз жүргізіп, нәтижесінде үкіметаралық және коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясына қатысты. 

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Екі жылдан бері төрткүл дүние осы жерден шыққан әр хабарға құлақ түріп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғимараты бұл. Жаһандағы жағдай әлі де мәз емес. Әлем тағы үлкен қатердің алдында тұр. Жаңа штамнан қауіп төнді. Ендігі мақсат - үрейді үдете түскен дертпен күресте тізе қосу.

Мемлекет басшысы Женевада әуелі денсаулық сақтау ұйымының бас директорымен кездесті. Президент әлем қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтып, коронавируспен күресте бірге болуға шақырды.

Қазақстандық екінші жаңа вакцина. Қазір ол кандидат вакциналар тізіміне енгізілді. Қазақстан оны мұқтаж елдердің бәріне беруге бейіл. Президент айтты. Мемлекет басшысы бұдан бөлек тағы екі маңызды мәселеге тоқталды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен көрсетілетін қызметпен халықты жаппай қамту бағыттарын біріктіру. Одан соң Қасым Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының сессиясына қатысты. Арнайы сессия ұйым тарихында екінші рет қана өткізіліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Коронавирустың жаңа әрі қауіпті штамдары әлем бойынша тез тарала бастағандықтан, алдағы апталарда COVID-19 індетін жұқтырғандар саны айтарлықтай өседі. Жуырда Оңтүстік Африка ғалымдары анықтаған «Омикрон» штамы жаңа қауіп төндіріп отыр.

Президент пандемия халықаралық қатынастарда көптеген кемшілікті анықтап бергенін айтты. Ынтымақтастыққа және биологиялық сын-қатерлерге қарсы іс-қимылдардың мейлінше тиімді жүйесіне негізделген жаңа жаһандық әдіс керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі пандемия денсаулық сақтау саласындағы ерекше төтенше жағдай болып саналмайды. Дағдарыс жаһандық деңгейдегі күрделі әрі қордаланған теңсіздіктерді айқындап берді. Сондықтан Қазақстан вакциналардың әлем бойынша әділ таратылуын қолдайды және оған белсенді түрде атсалысады. Біз 2022 жылдың ортасына қарай жаһандық вакциналауды қамтамасыз ету жөніндегі ДДСҰ-ның COVID-19 індетіне қарсы стратегиясын толық қолдаймыз.

Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына «QazVac» вакцинасының тиімділігін елімізде ғана емес, Орталық Азияның басқа да мемлекеттерінде дәлелдегенін айтты. Ал қазір «QazVac»-қа талас көбейді. Әлемнің 30-дан астам елінен ұсыныс түскен.

Күнсұлу Закарья, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

Соның ішінде бұл ең негізгі ірі ұсыныс болып отыр. Қалған ұсыныстары қарастырамыз болашақта. Оның ішінде Индонезия, Тайланд, Вьетнам, Пакистан сияқты көп мемлекет. Екі елде тіркелді - Қазақстан мен Қырғызстанда. Үшінші ел - Швейцария. Қырғызстан еліне тек қана гуманитарлық көмек ретінде беріп отырмыз. Ал Швейцарияға сатылады. Швейцария арқылы Африканың 12 мемлекеті және Оңтүстік Американың бірнеше еліне жеткізуге болады.

Демек, нарық үлкен. Оған біздің ел қауқарлы. Жаңа зауытта жылына 60 млн дозаға дейін өнім шығаруға болады. Отандық вакцинаның сапасына көп ел үлкен сенім артып отыр. Өйткені иммуногендік әсері жоғары. Жаңа штамдар пайда болған күннің өзінде олармен күресе алады.

Бұл меморандумның жөні бөлек. «QazVac» вакцинасын Шфейцарияда өндіру үшін шетелдік компания бізден лицензия сатып алуға дайын.

Абдалла Шатила, М3 Groupe холдингінің президенті:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан тіркеуде өткенін күтіп отырмыз. Аяқталысымен, бірден іске кірісеміз. «QazVac» өзімізде өндіретін боламыз.

Қазір «QazVac»-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу басталды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу