Нұр-Сұлтанда «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумы өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні мерекесіне арналған шарада түрлі салада табысты еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген жастар марапатталды. Олардың арасында ғалымдар мен мәдениет саласының қызметкерлері және спортшылар бар.
Форум Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға жолдаған видеоүндеуімен басталды. Тәуелсіздік жылдарында жас буынға ерекше көңіл бөлініп, патриоттарды тәрбиелеуге басымдық берілгені белгілі. Әсіресе «Болашақ» степендиясының арқасында мыңдаған отандасымыз әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Бүгінде ел үмітін ақтаған жас мамандар түрлі салада табысты еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуда. Форумда сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жастар саясаты саласындағы атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтті.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен «Болашақ» халықаралық степендиясы тағайындалды. Бағдарламаның арқасында 15 мыңнан астам жас әлемнің ең озық университеттерде оқуға мүкіндік алды. Бүгінде шетелден оқып келген түлектердің 54 пайызы мемлекеттік органдарда, 30 пайызы жеке секторда, 16 пайызы халықаралық ұйымдар мен ұлттық компанияларда қызмет етеді.
1992 жылдан бері жас таланттарды қолдау үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы беріле бастады. 300-ге тарта жас осы сыйлықтың иегері атанды. Сондай-ақ, «Қазақстан жастары» бағдарламасы, мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Соның арқасында «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Серпін» секілді жобалар іске қосылды. Мәселен, «Серпін» бойынша сегіз мыңдай студент оқуын аяқтап, басым бөлігі сол өңірлерде табысты еңбек етуде.
Айдар Күзеров, форумға қатысушы:
Оқуды аяқтағаннан кейін еш қиындықсыз жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді және үйленгеннен кейін әкімдік тарапынан қызметтік баспана тағайындалды, бір реттік қайтарымсыз жәрдемақы тағайындалды. Мұның өзі жастарға үлкен қолдау, сенім деп білемін.
Елімізде соңғы онжылдықта Ұлттық волонтерлер желісі құрылды. Үш мыңдай ұйымға 50 мыңнан астам жас біріккен. Бүгінге дейін мыңға тарта жоба сәтті жүзеге асырылды. Жыл сайын «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» бағыттары бойынша бастамаларды қолдауға берілетін «Тәуелсіздік ұрпағы» гранты тағайындалып келеді. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев форумда биылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын табыс етті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Елге жасаған қызмет ешқашан ескерусіз қалмайды. Талантты жастар қашан да еліміздің үміті. Мемлекет осындай азаматтарды үнемі қолдап, көтермелеп отырады. Бойларыңыздағы жастық жалын, жаңа белестерге бастасын.
Форумда болашақ ұрпаққа арналған криптографиялы капсула іске қосылды. Электронды капсуланы математика пәні бойынша халықаралық олимпиада жеңімпазы Сұлтанбек Байжанов жасап шығарған. Арнайы крипто-кілтпен шифрланған Жолдау 2041 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 50 жылдығына орай ашылады.