Еуропада карантиндік шектеулерге қарсы шерулерге мыңдаған адам қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада карантиндік шектеулерге қарсы шерулерге мыңдаған адам қатысты

22.11.2021

Бүгін Австрияда жалпыұлттық карантин басталды. Ол пандемияның қайта күшеюіне байланысты жарияланып отыр.

Локдаун күшіне енгеннен кейін қалалардың көшелері босап, ресторандар, дәмханалар, спортзалдар және тағы басқа қоғамдық орындар жабылып қалды. Канцлер Александр Шалленберг жұма күні мәлімдегендей, карантин 20 күнге созылады. Және де, үкімет басшысының сөзінше, 2022 жылы ақпаннан бастап, Австрияның барлық тұрғындарына вакцина алу міндеттелмек.

Айта кетсек, жергілікті халықтың айтарлықтай бөлігі жаңа шектеулерді мүлде құптамай отыр.

Саша, Вена тұрғыны:
Бір люкстік түрмеде жүргендейміз. Бұл дегеніміз – бостандықты шектеу ғой. Жеке басыма келсем, психологиялық тұрғыдан өзімді жақсы сезіне алар емеспін.
Ирена, Вена тұрғыны:
Мен бұл карантиннен қатты шаршадым. Басқа не айтарымды білмеймін. Мысалы, күйеуімнің бизнесі үшін бұл үлкен апат. Ол туризмде жұмыс істейді. Бәрі жабылып, жұмыс бірінен соң бірі тоқтап жатыр. Мен бұның ең жақсы әдіс екеніне сенімді емеспін.

Германия саясаткерлері коронавирусқа қарсы вакцина алуды міндеттеу мәселесін талқылап жатыр. Өйткені, қазір елде пандемияның төртінші толқыны өршіп тұр. Соңғы статистикаға жүгінсек, жексенбі күні елде 3700-ден астам адамнан ковид анықталған. Мұндай ахуал 14 күн қатарынан байқалып отыр. Ал, екпенің екі компонентін салдырғандар 68 пайызға енді жетті. Сондықтан, халықты толық иммундау өзекті мәселеге айнала барады.

Айта кетсек, бұған дейін Бельгияда мыңдаған адам коронавирустық шектеулерге қарсы шерулетті. Полицияның мәліметінше, наразылық акциясына 35 мыңдай адам жиналған. Оларды тарату үшін тәртіп сақшылары көзді жасаурататын газ бен су атқыштарды қолданды. Және де осындай демонстрациялар Францияда, Хорватияда, Австрияда да өтіп, оларға да сан мың адам қатысты.

 Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу