Ұлыбританияда инфляция деңгейі шарықтау шегіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда инфляция деңгейі шарықтау шегіне жетті

22.11.2021

Ұлыбританияда инфляция деңгейі соңғы 10 жылда болмаған шарықтау шегіне жетті. Елде газ бен электр жарығының бағасы күрт қымбаттағаннан кейін осындай жағдай қалыптасты. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова қазір бізбен тікелей байланыста. 

Инфляция деңгейі шарықтады

Марина Бекенова, тілші:

Қаржыгерлер мұндайды күтпегендерін айтады. Олар тұтыну бағалары 3,9 пайызға дейін ғана өседі деп болжаған болатын. Мамандар қыркүйек айында ғана 3,1 пайызды құраған инфляция деңгейінің артуына алаңдаушылық білдіруде. Англия банкі болса, бұл көрсеткіш алдағы жылдың басында 5 пайызға жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жалпы алғанда Ұлыбританиядағы тұтыну бағасы қазан айында 4,2 пайызға дейін өскен. Ұлттық статистика қызметінің мәліметтеріне сәйкес, бұл - 2011 жылдың қарашасынан бергі рекордтық көрсеткіш.

Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:

Инфляцияның шарықтап кетуіне табиғи газ бен электр энергиясы бағасының қымбаттауы әсер етуде. Кейбір компаниялар көгілдір отын құнының күрт қымбаттауынан банкротқа ұшырап, жабылып жатыр. Бұл пандемиядан кейін ес жия бастаған көптеген елдер үшін ортақ құбылыс.

Марина Бекенова, тілші:

Азық-түлік өнімдерінің де құны бір жыл бұрынғыға қарағанда 1,2 пайызға қымбаттады. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бір жыл ішінде 6,8 пайызға өссе, қонақүйлер мен мейрамханалардың қызметтері 6,3 пайызға, көлік бағасы 9,9 пайызға артқан. Егер осылай кете беретін болса, инфляция деңгейі бұдан да жоғары болады деген қауіп бар. Англия банкі базалық пайыздық мөлшерлемені, яғни коммерциялық банктерге беретін несиесінің ең төменгі пайыздық көрсеткішін 2 пайызға дейін көбейтуі мүмкін. Бұл өз кезегінде экономиканы одан әрі әлсіретпек. 

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу