Шымкентте ауа райына байланысты мектептерде сабақ онлайн режимге ауысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте ауа райына байланысты мектептерде сабақ онлайн режимге ауысты

17.11.2021

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде күн күрт суытты. Түркістан облысында боранның салдарынан 55 елдімекен жарықсыз қалды. Қозғалыс қиындап, облыстық және республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Ал Қызылордада жаңбыр аралас қардың соңы қатты желге ұласып, қалада жарық өшті. Өңірлердегі ахуалды Айнұр Ақбаева баяндайды.

Ақтүтек бораннан Түлкібас ауданында жол көрінбей қалды. Сондықтан Жамбыл облысымен шекаралас Машат ауылына дейінгі күрежол жабылды. Мұнда автокөліктің барлық түріне шектеу қойылды. Бәйдібек пен Созақ арасы, Шолаққорғаннан Ащысайға дейінгі жолдар жабылды. Жолға шыққандар кері қайтарылды.

Қазығұрт асуында да көлік қозғалысы қиындап, жолға тұз бен құм себуге тура келді. Арнайы техника таңертеңнен бері жолдарды тазартып, облыстық төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Облыс орталығы мен 55 елдімекенде электр желілері үзілді. 48 мыңға жуық тұтынушы жарықсыз қалды. Өңірде арнайы штаб құрылып, тұрғындарға алыс сапарға шықпау керектігі ескертілуде. Кешке дейін бірқатар елдімекендерге жарық берілді. Тағы 40 ауылда электр желілерін жөндеп жатыр.

Ал Шымкентте алғашқы қар жауып, бұрқасынның кесірінен мектептерде сабақ онлайн режимге ауысты. Қолайсыз ауа райы қызылордалықтарды да әбігерге салды.

Жаңбыр аралас қардың соңы бұрқасын желге ұласып, түске дейін шаһардың біраз бөлігі жарықсыз қалды. Орталық көшелерде бағдаршамдар істен шығып, көктайғақтан қала ішінде қозғалыс тіптен қиындап кетті. Коммуналдық мекеме жолды аршып үлгермей жатыр. Синоптиктердің болжауынша оңтүстікте ертең де ауа райы қолайсыз болады. Кей жерлерде тұман түсіп, бұрқасын соғады.

 Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу