Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев Шавката Мирзиеевтің сайлауда жеңіске жетіп, президент қызметін жалғастыратынын ресми хабарлады. Ол сайлаушылардың 80,12 процент дауысын жинаған. Жалпы, дауыс беру құқығы бар адамдардың 80 проценті қатысқан. Бұл 16 млн 663 мың адам. Өзбекстан халқының саны 34 млн-нан асады.
Аптада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті.
Біріккен Араб Әмірліктері – ерекше дамып отырған, кейбір салаларда таңғалдырып отырған мемлекет. Тіпті гуманитарлық және қайырымдылық көмек көрсету бойынша көшбасшы елдердің бірі. Ядролық қарудан және жаппай қырып-жоятын қарудың басқа түрлерінен азат әлем құруға ерекше мән береді. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсырды.
Елімізге Біріккен Араб Әмірліктерінен 2,4 млрд АҚШ долларына жуық тікелей инвестиция тартылған. Биылғы 8 айда тауар айналымы былтырғы кезеңмен салыстырғанда 55 пайызға артық. Алда 6 миллиард доллардан асатын жобаларды жүзеге асыру үшін жақында ұзақ мерзімді құжатқа қол қойылған еді.
Қазақстанда әмірліктер капиталының қатысуымен 350 бірлескен кәсіпорын бар. Ауыл шаруашылығы, металлургия, энергетика салаларында.