Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагерімен кездесті

29.10.2021

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Тараптар елдер арасындағы дәстүрлі достық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына жоғары баға берді.

Біріккен Араб Әмірліктері – халықаралық қауіпсіздік пен бітімгершіліктің доноры. Инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықтың әлемдік орталығы да осы жер. Яғни, көп елдің тұрақты дамуына күш салып жатыр. Гуманитарлық және қайырымдылық көмек көрсету бойынша әлемдік көшбасшы. Ядролық қарудан және жаппай қырып-жоятын қарудың басқа түрлерінен азат әлем құруға ерекше мән береді. Осыған байланысты Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсырды. Бұл марапаттың мәні бөлек. Бейбітшілікті, өңірлік тұрақтылық пен орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге қосқан үлес үшін берілді.

Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян, Абу-Дабидің тақ мұрагері:
Шын жүрегіммен сізге рахмет айтамын. Сіз мен үшін үлкен ағам сияқтысыз. Және мен үшін әкем сияқтысыз. Мен сізден көп нәрсе үйрендім. Сол үйренгенім мен үшін үлкен награда болып саналады. Ал бүгінгі беріп отырған сыйлығыңыз – сіздей тұлғадан алып отырған мен үшін үлкен мәртебе.
Жалпы, екі елдің байланысы бекем. Біріккен Араб Әмірліктерінен 2,4 млрд АҚШ долларына жуық тікелей инвестиция тартылды. Өзара алыс-беріс, барыс-келіс кеміген емес. Биылғы 8 айда тауар айналым былтырғы кезеңмен салыстырғанда 55 пайызға көп. Алда инвестициялық қарым-қатынас тағы да артады. 6 миллиард доллардан асатын жобаларды жүзеге асыру үшін жақында ұзақ мерзімді құжатқа қол қойылды.

Қазақстанда әмірліктер капиталының қатысуымен 350 бірлескен кәсіпорын бар. Олар ауыл шаруашылығы, металлургия, энергетика салаларында табысты еңбек етіп жатыр.

Тараптар бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта тереңдей түсетініне сенім білдірді.

Хабарламаларға жазылу