Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентопты қабылдады. Мемлекет басшысы әлемде құбылмалы жағдай қалыптасса да, түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының өте маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның халықаралық аренадағы беделінің артып келе жатқанына тоқталып, бауырлас елдің жетістігіне қуанатынын жеткізді. Сонымен қатар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашағын жоғары бағалады. Мұстафа Шентоп Қазақстанға жасаған сапары аясында қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның сәлемін жеткізді. Сондай-ақ әлемдік пандемияға байланысты бетпе-бет кездесулердің шектелгеніне қарамастан, екі елдің қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Әлемдегі құбылмалы жағдайды ешкім дөп басып болжай алмай отыр. Осыған қарамастан, біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар ойдағыдай дамып келеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар өзара сенімге, достыққа негізделген.
Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы:Қараша айында біздің елде өтетін Түркі кеңесі елдерінің саммитінде түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жөнінде бірқатар маңызды шешім қабылданады деген үміттеміз. Өзіңізді сол саммитте күтеміз.
Раушан Сайлауқызы