Батыс Қазақстан облысында киіктің өлексесі көбейіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында киіктің өлексесі көбейіп кеткен

21.09.2021

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы аумағында қынадай қырылған киіктің өлексесі тым көбейіп кеткен. Шаруалар одан ауру тарап, малға жұғады деп алаңдаулы. Шамадан тыс көбейген бөкеннің санын реттеуді сұраған қожалық иелері резерваттың тезірек құрылғанын қалайды. Мәселені Ардақ Мұратқызы зерделеп көрді.
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы аумағында киік өлексесі көбейіп кеткен. Шаруалар одан ауру тарап, малға жұға ма деп алаңдайды. Жыл соңына дейін құрылады деген резерват жайы да сиырқұйымшақтанып кетті. Мәселені Ардақ Мұратқызы зерделеп көрді.

Жөңкілген киік көлік жолын кес-кестейді. Қатарынан үш үйір дүркіреп өтті. Бірақ шаруалар тіпті өлекседен де аяқ алып жүргісіз дейді. Кейбірі қораға келіп құлап жатыр.
Жасбуын Еслямов,  шаруа қожалығының басшысы:
Мынаның қақ ортасында өліп жатыр киіктің лағы. Соны көтеріп алдым да, ана жерге шығарып тастадым. Енді бүгін келгенде қарсақтар жеп кеткен ғой,
сүйектерін шашып. Аурулы болса керек. Бөгеттің басында да өліп қалады осындай лақтар. Соны көтеріп апарып, ана жерде мал моласы бар, соған лақтырып тастаймыз.
 Өлексе аңдыған қарақұсқа көбіне құралай кездеседі. Бірін көлік соқса, бірі сұлап жатыр.
Ардақ Мұратқызы,  тілші:
Мінекей, біз жолдың жанынан киіктің тағы бір өлексесіне тап болдық. Мұны көліктің қаққаны байқалмайды, өйткені денесінде ешбір жарақат жоқ. Оның аурудан өлгенін немесе қандай да бір жағдай болғанын арнайы мамандар анықтай жатар. Жалпы осындай жағдай өте жиі болады дейді ауылдықтар. Өйткені, киіктің саны шамадан тыс көп.
Мамандар бөкендердің өлуін табиғи құбылыс деп отыр. Қазір ресми дерек бойынша өңірде 545 мың бөкен бар. Бұл төлдеуден бұрынғы санақ. Бірақ киік те, қожалық та көбейді қазір. Бір Бөкей ордасы ауданында 553 қожалық тіркелген. Жабайы жануар тоқ қоршаудан да үрікпейді. Үйірімен кеп, үзіп өтеді дейді.
Мырзабай Боранбаев,  шаруа қожалығының басшысы:
Бір ұсақ малға 3 кг шөп есептейміз. Киіктің аузы 24 сағат бос. О да ұсақ мал. 3 кг деп есептейік. 200 мың киік 3 кг көбейтіңіз, 600 мың кг шөп жейді. Бір күнде. 600 тонна бұл деген. Ал бізге 162 мың тонна шөп керек қыстан шығу үшін. Сонда малды қайда бағамыз?
Бекет Ділжанов, зейнеткер:
Бұрын олай болған жоқ. Ес білгелі мұндай болған жоқ. Мынау масқара.  Біздің малымыздан да көп. Санын реттеу керек. Шектеу керек, жою керек. Жоймаса, халықта күнкөріс болмайды. Резерват та ашылған жоқ. Шектеу жасаймыз деді, ол да болған жоқ. Әңгіме іс жүзінде орындалған жоқ.
 «Бөкей ордасы» табиғи мемлекеттік резерваты құрылады делінген болатын. Аумағы 650 мың гектар. Алайда, іс тоқтап тұр.
Асқар Әбдірахманов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті басқармасының бас сарапшысы
Резерваттың 78 штатына келісім алдық. Бюджеттік өтінім жасадық. Ол қазір республикалық бюджет комиссиясында қаралуда. Қаржы көлемі 643 млн теңге. Болжам бойынша жылдың аяғына дейін құрылып қалуы керек.
Киік Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген. Тек жойылып бара жатқан жануар ретінде атып, мүйізін сатуға 2023 жылға дейін тыйым салынған.
 
Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу