Қостанай облысында егін орағы аяқталуға таяу. Ресми мәлімет бойынша күні бүгінге дейін алқаптағы астықтың 95 пайызы жиналған. Құрғақшылық қысқан биылғы жылды диқандар қалай өткерді? Алқап басында болып шаруалармен тілдесіп қайтқан тілшіміз Дәуренбек Әбдібектің репортажы.
Дәуренбек Әбдібек,тілші:
Қазір Қостанай облысындағы алқаптардың басым бөлігіндегі көрініс осындай. Астықтығы орылып алынған. Әрине, биылғы құрғақшылықтың кесірінен шығымы төмен. Алайда барлық технологиялар сақталған жерде мол өнім алуға мүмкіндік бар. Мысалы әлі орақ түспеген мына алқаптан диқан шамамен гектарына 20 центнерден өнім жинаймын деп отыр.
Нұркелген Өтеулиннің диқаншылықты кәсіп еткеніне жиырма жылға жуықтады. Биыл 5 мың гектар алқапқа дән сіңірді. Алдымен топыраққа агрохимиялық өңдеу жүргізді, ыстыққа төзімді жоғары сұрыпты тұқым екті. Жаздай тыңайтқыш, қоректік заттар сеуіп егінді күтіп баптады. Соның арқасында шығымдылығы гектарына 9-10 центнерден келіп отыр. Әрі сапасы жоғары.
Нұркелген Өтеулин, шаруа:
Пайдасыз болмаймыз. Келесі жылы өзімнің жоспарым бойынша жаңа техника сатып алғым келеді. Тыңайтқышты да көбірек алып әр гектарына бұдан да молырақ пайдаланбақпын.
Құрғақшылық қанша қысымға алса да, мемлекеттің қолдауы шаруаның тұралап қалуына жол бермеді. Шығымның аздығынан келетін шығынның бір бөлігін түрлі жеңілдіктер мен қазынадан бөлінетін демеуқаржы жабады.
Мереке Смағұлов: шаруа:
Жерді еге бастағанда тұқым сатып аламыз. Тұқымға субсидия төлейді. Жанармайды арзанға береді. Нарықта 200 теңге болса бізге 170 теңгеден береді. Бидайды сатып береді. Көмегі өте мол.
Биылғы егістік көлемі облыс бойынша 4 млн гектарға жуықтайды. Бүгінге дейін соның 90 пайыздан астамы орылып бітті. Шығымдылығының жалпы көрсеткіші әзірге гектарына 7 центнерден келіп тұр.
Нұрсұлтан Қабделов: Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Оңтүстік аудандарда 2,7 гектардан 5,5 центнерге дейін шығымдылық. Солтүстік аудандарда 8-11,6 центнерге дейін. Дәнді дақылдардың өнімін жинау жұмысы аяқталуға таяу.
Қазірдің өзінде қамбаға 3 млн тоннаға жуық астық құйылды. Сонымен қатар 1 млн 60 мың тонна мал азығы дайындалған.
Дәуренбек Әбдібек