Лисаков қаласында қару қолданған полицияның әрекеті тексеріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лисаков қаласында қару қолданған полицияның әрекеті тексеріліп жатыр

13.09.2021

Қостанай облысында көршілеріне оқ жаудырған бұзақыға қарсы полицияның қару қолдануы қаншалықты заңды екені тексеріліп жатыр. Лисаков қаласында ер адам екі көршісін «Сайга» аңшы мылтығымен атқан болатын. Өңірдегі тілшіміз Дәуренбек Әбдібек мән жайды білді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бізге полиция қызметкерлері берген мәлімет бойынша көршілер арасындағы жанжал ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Бұған қатар тұрған пәтерлерінің есігі бір-біріне айқасып ашылып, кіріп шығуға кедергі келтіретіні себеп болған. Сол күні де ұрыс-керіс осыдан туындаған. Ашуға бой алдырған зейнет жасындағы ер адам бір кезде үйінен аңшы мылтығын алып шығып, көрші әйел мен оның қызына бірнеше рет оқ атқан. Алған жарақатынан анасы қаза тауып, қызы ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Бұзақы оқиға орнына келген полицияға да бағынбай оларға да оқ жаудырыпты. Сөйтіп жедел топтың тергеушісін жаралаған. Мұнан соң полиция да қару қолданып, жараланған күдіктіні қолға түсірді.

Қайыржан Көдебаев, Облыстық ПД тергеу басқармасының тергеушісі:
Алған жарақатынан күдікті ауруханада көз жұмды. Сонымен қатар жараланған әйел мен тергеушіге көмек көрсетілді. Қазір жағдайлары жақсы. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сондай-ақ күдіктінің аңшы мылтығын ұстауға рұқсаты бары екені анықталды. Ол пәтерінде жалғыз тұрыпты. Полиция күдіктінің іс-әрекетін зерттеу арқылы оның психикалық жағдайына да баға берілетінін айтады. Ал полицияның қару қолдануы қаншалықты заңды екенін прокурорлар тексеріп жатыр.


Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу