80 мыңдай студент жатақханаға мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

80 мыңдай студент жатақханаға мұқтаж

08.09.2021

80 мыңдай студент жатақханаға мұқтаж. Мәселеге енді депутаттар да араласты. Мәжілісмендер жатақхана салуға жағдай жасап, әкімдіктерге жер телімін кедергесіз бөлуді және ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізуді сұрады. Себебі, шалғайдан келіп, орын таппай сандалған студенттер оқу емес, пәтер ақысын төлеумен әлек болып жүр, дейді олар. Нұрхан Нұрланұлы толықтырсын.

Шығыс Қазақстан облысынан келген Зейнетдин Ахметовке биыл университет жатақханасынан орын бұйырмады. Сондықтан, достарымен бірге шаћар шетінен 150 мың теңгеге пәтер жалдауға мәжбүр.
Зейнетдин Ахметов, студент: 
Негізінен алыс. Бірақ жақынырақ табу үшін ол қымбатырақ болып кетті. Сондықтан алыстан алып жатырмыз. Бес бала, төрт баладан бір квартираға жиналып жатыр.
Елімізде жастардың басым бөлігі студенттер және бұл көрсеткіш жыл сайын көбеюде. Қазір жоғарғы оқу орындарында 1,1 миллион студент білім алады. Олардың 16 пайызы, яғни, 174 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. 80 мың білімгерге жатын орын жетіспейді. Ал бір ғана Алматыдағы 38 білім ордасында 170 мыңдай студенттің 31 мыңға жуығы жатақханаға орналасса, әлі 35 мың орын тапшы.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Алматы қаласында 2020 жылдың соңына дейін университеттерде 16 мың орындық 38 жатақхана құрылысы аяқталуы қажет. Бірақ, соңғы 3 жылдың өзінде 1600 орынға жуық тек 6 студенттік жатақхана бой көтерді. Бұл көрсеткіш тиісті мемлекеттік органдардың жұмысында олқылықтардың бар екендігін аңғартады.
Мәжіліс депутаты мысалға келтірген оқу орнының бірі - Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті. Білім ордасының айналдырған 5 жатақханасымен студенттердің 36 пайызы ғана қамтылып отыр. Оның үстіне білім алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 1200-ге артқан. Алайда, мәселе жақын арада шешілмейтін сыңайлы.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші: 
Биыл жыл басында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне тиесілі аумақта 400 орындық жатақхананың құрылысы басталған. Алайда, бұл территория орталық парк аумағының меншігі деген себеппен тұрғындардың наразылығынан кейін құрылыс тоқтатылды. Бірақ, 11 сотық бұл жер телімі университеттің жеке меншігі екендігіне қарамастан, әкімдік жатақхананы басқа аумаққа салуды қарастырып отыр.
Әкімдік университетке қаланың төменгі жағынан жер телімін бөліп берген. Бірақ, құрылыс әлі күнге дейін басталған жоқ. Өйткені, алдымен жақын маңдағы тұрғындармен келісім жасап, өзге талаптарды орындау керек.
Дархан Біләлов, Абай атындағы ҚАЗҰПУ ректоры: 
Бұл аумаққа жатақхана салу үшін бірнеше мемлекеттік талап орындалып, қоғамдық талқылау өтуі керек. Бірақ, аталған кезеңдер қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Жалпы жатақхана мәселесі шешімін тапқанша қолымызда бар орындарды шын мұқтаж студенттерге ғана бөліп, амалдаймыз.
Жаңа жатақхана бой көтерсе, сейсмикалық талаптарға сай тек 300 студент орынмен қамтылады. Ал университет меншігіндегі жер телімі әзірге бос күйінде қалды. Енді осындай қордаланған мәселелер тез арада шешімін таппаса, Зейнетдин сияқты мыңдаған студент білімнен бұрын пәтер ақысына бас қатыруға мәжбүр болады.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу