Елімізде 89 мың студент жатақханаға мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 89 мың студент жатақханаға мұқтаж

16.08.2022

Оқуға түсіп, арқаларындағы жүкті жеңілдеткен студенттердің алдынан енді жатақханадан орын табу проблемасы шықты. Елімізде 89 мың студент жатақханаға мұқтаж. Бүгін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осылай деді. Жыл сайын қайталанатын бұл мәселе әлі күнге дейін бір жүйеге келген жоқ. Жастар жақсы білім алу үшін, жайлы жатақхана қажет-ақ. Жаңа министрлік мұны реттей ала ма?

Университет маңы. Студенттер жатақханаға орын алу үшін кезекте тұр. Бүгін Ақботаның жолы болды. Өйткені, жатақхана әуелі бірінші курс студенттеріне беріледі.

Ақбота Қасенова, 1-курс студенті:
Бүгін міне жатақханаға өтініш тастадым. Бұйырса, 25-і келіп орналасамын.

Ал бірінші курстан жоғары оқитын студенттер үшін, әлеуметтік осал топқа жатпаса, жатақханадан орын алу оңай емес. Сондықтан Гауһар Сүйінгереева жалдамалы баспана іздеп жүр. Онсыз да оқу ақысына 1 млн теңге төлейді.

Гауһар Сүйінгереева, 2-курс студенті:
Мен сияқты 2-3 курстарға жатақханадан орын берілмейді. Сондықтан пәтер іздеу үстіндеміз. Ал пәтерлердің бағасы қымбат. Бір бөлмелі пәтердің өзі 170 мыңнан басталады. Ақылы оқитын студентерге бұл қиындық тудырады.

Елдегі 120 жоғары оқу орнының тек 28-і ғана студенттерді жатақханамен 100 пайыз қамтып отыр. Әсіресе, Алматы Нұр-Сұлтан қаласындағы студенттер жайлы орынға зәру. Мәселен оңтүстік астанадағы Қазақ ұлттық университеті, Абай, Сәтбаев атындағы оқу орындарында барлығы 30 000 орын тапшы болса, елордадағы тек Еуразия ұлттық университетінің өзінде 5000 орын жетіспейді.

Мерей Шәменов, ЕҰУ студенттер үйлері дирекциясының директоры:
Бүгінгі таңда 5000-ға жуық орын жетіспейді. Бірақ біз оның шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Қосымша келісімшарттарға отыру арқылы. Бірінші қыркүйекке дейін бұл мәселе шешілмек.

2018 жылы арнайы бағдарлама әзірленіп, 2022 жылға дейін ел бойынша 75000 орындық жатақхана салынуы тиіс еді. Алайда, құрылыс қарқынды басталғанмен, жоба ойдағыдай жүзеге асқан жоқ.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Жеке инвесторларсыз бұл мәселе толыққанды 100 пайыз шешілмейді. Сондықтан ірі-ірі құрылыс компаниялармен жеке-жеке жоспарлы түрде жұмыс істейтін боламыз. Соларға ГЧП басқа да шарттар арқылы өңірлік университеттермен бірлесіп, жатақханалар құрылысын қолға аламыз.

Енді бағдарлама 2025 жылға дейін созылды. Алдағы үш жылда 50 000 орындық жатақхана салынбақ.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу