Тараздағы жарылыстан қаза тапқандар саны 16-ға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы жарылыстан қаза тапқандар саны 16-ға жетті

07.09.2021

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери базадағы жарылыстан зардап шеккен тағы бір адам бүгін ауруханада қайтыс болды. Бұған дейін жансақтау бөлімінде жатқан азаматтың денесінің 85 пайызын күйік шалған еді.
Ерлан Қырғызалиев - 26 тамызда оқ-дәрілер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде жарақат алған. Ол оқ-дәрілерді сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған. Науқасты емдеу үшін Елордадан және Алматы қаласынан білікті дәрігерлер жұмылдырылды. Бірақ, өкінішке орай әскери қызметкердің жанын арашалап қала алмады. Жарылыстың салдарынан қаза болғандардың саны 16 адамға жетті.
Сәкен Жұмашев, Тараз қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Қайтыс болған азамат түскен күннен бастап жағдайы ауыр. Бірақ тұрақты еді. Кейіннен кейін науқасты тексере келе туа біткен бір ғана бүйрегі бар екен. Соның салдарынан алған жарақатты көтере алмай, бүгінгі сағат он шамаларында жағдайы ауырлап, сағат 10.30-да қайтыс болды.
 Ауруханада ем алып жатқан бір азамат қана қалды. Ол - өрт сөндіруші, бірер күнде үйіне шығарылады. Ал, жарылыс кезінде жоғалып кеткен адам әлі табылмады.

Хабарламаларға жазылу