Бүгін елдегі 7 мыңнан аса білім ордасында алғашқы қоңырау соғылып, 1-сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндерге әліппе табысталды. 3,5 миллионнан астам оқушы дәстүрлі форматта білім алуды бастады. Балалар таңмен таласа мектепке ағылды. Ата аналары болса тарыдай балпандарын таудай азамат етіп тәрбиелейтін мұғалімдерге табыстады.Мектептердегі тынымсыз тіршілікті тілшіміз Ақниет Балтанова тамашалап қайтты.
Салтанатты жиынға мектеп табалдырығын жаңа аттап отырған 1 сынып бүлдіршіндері ғана қатысты. Балалар бір-бірімен танысып, табысып, мәре-сәре... Ал ата-аналар індет өршімей, қамсыз күндеріміз қайта келсе деп тілейді.
Гүлбарам Тынышбаева, ата-ана:Бүгін екінші немеремді бірінші сыныпқа әкеліп отырмын. Пандемия кезінде өздеріңіз білесіздер, балалар мектепті сондай сағынып қалды. Сондай қуаныштымын. Өзімнің немереме де, басқа балаларға да тілерім аттаған қадамдары құтты болсын!
Ақниет Балтанова, тілші:Бүгінгі білім күнінің басты жаңалығы – Әліппе оқулығы. Ол барлық бірінші сыныптарға табысталды. Иә, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Әліппе оқулығының қайта енуі білім саласына жаңа серпін берді. Ал пандемиядан соң, 1 жыл үзілістен кейін мектепке қайта оралған мұғалімдер мен оқушылардың қуанышында шек жоқ.
Ведомство басшысы елордадағы №2 Қосшы орта-мектебінің оқушыларына әліппені өзі табыстады. Енді бұл үрдіс жыл сайын дәстүрге айналатынын атап өтті. Сондай-ақ педагог мәртебесін арттыруға бағытталған біршама жоспардың жүзеге асатынын мәлімдеді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Педагогтердің статусы туралы заң. Бұл заң біздің ұстаздардың статусын көтеріп, жалақысына да әсер етеді.Өзіне тән емес жұмыстардан босату бойынша, қажет емес есептіліктен босату бойынша кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Министрдің тапсырмасына сәйкес, оқу ордалары әліппені табыстауға ерекше дайындалған. Бірі қоғамға белгілі тұлғаларды шақырып, ырымдаса, енді бірі балаларды қуанту мақсатында әртүрлі образдағы кейіпкерлерді шақырған.
Әлихан Казкенов, №88 мектеп-лицейінің 1-сынып оқушысы:
Мен мектепке келгеніме өте қуаныштымын. Әліппені берген кезде өте қатты қуандым. Енді сабақты жақсы оқимын.
Әркімге бір жалтақтап, қолындағы кітабын қызықтап тұрған балаларды біз де сөзге тарттық. Сұраққа жауап бермесе де, өнер көрсетуден бас тартқан жоқ.
Елорданың өзінде 40 мың оқушыға арналған 15 жаңа мектеп салу жоспарланған. Соның 8-і дәл бүгін 1-қыркүйекте есігін айқара ашты. Жалпы Республика бойынша жыл соңына дейін 200 мектеп қолданысқа берілмек.
Ақниет Балтанова