Президент Жарлығымен Жамбыл облысының әскерилері мен құтқарушылары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жарлығымен Жамбыл облысының әскерилері мен құтқарушылары марапатталды

29.08.2021

Бүгін Президенттің опат болған әскерилер мен құтқарушыларды мемлекеттік наградалармен марапаттағаны туралы қаулысы шықты:

Әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін І дәрежелі «Айбын» орденімен

Бас әскери прокуратураның Оңтүстік аймақ әскери прокуроры Арман Қапезов пен Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Александр Микропуло марапатталды.

Сонымен бірге Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері Оразбек Дәлібаевқа, Руслан Жанболатовқа, Марат Мешінбайға, Еркін Нәдірбековке; Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Елдос Сандыбаевқа, Арнұр Темірболатовқа және Тәңірберген Төребековке III дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Ал «Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары болған марқұм Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Юрий Ильин марқұм Мейіржан Аймановқа жоғары атақ берілгенін түсіндіргенде былай деген: Ол өртті ауыздықтау процесін басқарып, алғашқы жарылыс кезінде эвакуацияға қатысқан. Сол жерде болған құтқарушылар Аймановтың қауіпті аймақтан бірнеше адамды арқалап алып шыққанын айтқан. Алайда екінші жарылыс болғанда мерт болған. «Табылған құтқарушылар мен әскерилер Мемлекет басшысының жарлығымен марапатталды. ДНК сараптамасы анықталған қалған қызметкерлер де мемлекеттер наградаларға ұсынылады» деген министр.


Хабарламаларға жазылу