«Қайсар-2021» оқу-жаттығу жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қайсар-2021» оқу-жаттығу жиыны өтті

23.08.2021

Жер-жаханда қауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұр. Лаңкестер мен түрлі қарулы топтар әлем жұртшылығын әбігерге салып тұрған шақта қауіп-қатерге сақадай-сай болу қажет. Мемлекет басшысы арнайы мақсаттағы жасақтардың оқу-жаттығу жиынына қатысты. Шара кезінде Президент ауған жеріндегі жағдайға да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ол оқиғалар біздің елімізге тікелей қауіп төндірмейтінін, алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар екенін айтты.

Теріс пиғылды террорлар темір пойызды шабуылдап, тұрғындар тұтқынға түсті. Арнайы жасақ лезде қарсы шабуылды бастап кетті. Жауынгерлердің жүйелі іс-әрекетінің нәтижесінде аз уақытта жаудың көзі жойылып, кепілдегі адамдар құтқарылды. Бұл «Қайсар-2021» оқу-жаттығуының бір бөлігі ғана.

Иә, полиция қызметкерлері қашанда қырағы әрі ширақ болуы керек. Сондықтан, осындай оқу-жаттығулар кәсіби шеберлікті шыңдау үшін өте маңызды. Әскерилер алдында сөз сөйлеген Президент еліміздің қуатты әрі мықты болуы үшін құқық қорғау органдарының қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатарынан, барлығы 802 азамат қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. Олар өмірінің соңына дейін антына адал болды. Ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайды. Жанқиярлығы мен батырлығы үшін 1567 қызметкер ордендермен және медальдармен марапатталды.

Темірдей тәртіпке бағынған жауынгерлерді де әлеуметтік мәселелер толғандырады. Мемлекет ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған сардарларға әрдайым қамқорлығын аяған емес. Алдағы уақытта құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы көбейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің лаузымдық еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға өседі. Осы мақсатқа жұмсауға 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ұлттық ұлан сарбаздарының айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 пайызға, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 пайызға жуық артады. 2024 жылдың соңына дейін арнайы күштерде қызмет ететіндер мен келісімшарт бойынша қызмет артқарып жүргендердің бәрі офицер шенін алады.

Ауғанстандағы ахуал көпшілікті алаңдатып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы күш құрылымдарына жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек.

Мемлекет басшысы сондай ақ дайындық орталығының жаттығу жүйелері мен мультимедиялық мылтық ату алаңын аралады. 200 гектардан астам аумақты алып жатқан полигонда қарулы жасақтың жаттығып, шынығуы үшін бәрі бар. Ең үздік әрі соңғы технологиялар бойынша жабдықталған.

Шерхан Жамбылұлы тілші: 
Бұл заманауи техникада әскери ауыр техниканы меңгеруді үйренеді. Мұнда барлығы да шынайы түрде. Бәрі де кәдімгі әскери көліктегідей. Айырмашылығы тек компьютерлік ойын секілді. Сәйкесінше көп қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Жанармай, оқ дәрі шығындаудың қажеті жоқ. Үш жылдың ішінде 2,5 мыңдай адам жаттығудан өтіп. 60 млн теңге қазынада қалған.
Серік Ноғаев,    Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімі коман дирінің орынбасары:
Көбісі қаруды немесе жауынгерлік техниканы бірінші рет көріп тұрғандықтан көбісі өз-өзін артқа қарай тартады. Яғни сасқалақтайды. Бұл жерде тез үйрену үшін қарапайым.

Қорғанысы айбынсыз ұлт қорғансыздың күйін кешеді. Еліміздің құқық қорғау мекемелері кез-келген қауіп-қатерге дайын болуы шарт. Сол себепті президент арнайы жасақтардың әлеуетін күшейту күн тәртібінен түспейтін аса маңызды міндет екенін айтты. Сондай ақ полицей мен жауынгерлерге берілетін ең жоғары баға – халықтың сенімі мен алғысы екенін еске салды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу