«Талибан» әйелдерді үкімет құрамына шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Талибан» әйелдерді үкімет құрамына шақырды

17.08.2021

«Талибан» қозғалысы бүкіл Ауғанстанда «амнистия» жариялап, әйелдерді өз үкіметінің құрамына қосылуға шақырды. Осылайша, жергілікті жұртқа да, халықаралық қауымдастыққа да бұрынғыдан жағымды көрінуге тырысып жатыр.

Бұл ұйым мемлекетті 1996-2001 жылдары басқарып, әйелдерге жұмыс істетпей, дарға асу, таспен ұру, қол кесу тәрізді жаза түрлерін қолданды. Кейбір тұрғындар «Талибанның» содан бері өзгергеніне күмәнді.

Батысшыл үкіметті құлатып, Ислам Әмірлігін жариялаған «Талибан» Ауғанстанды жексенбі күні толық басып алды. Сол үшін қазір АҚШ әкімшілігі үлкен сынға ұшырап отыр. Алайда, президент Джон Байден бұл мемлекеттен әскерді әкетудің дұрыстығын тағы да қорғап бақты. Оның сөзінше Америка 2001 жылы Ауғанстанға мемлекет құру үшін емес, «әл-Каида» террористік ұйымын жою үшін енген.

Джо Байден, АҚШ Президенті:
Біз шамамен 20 жыл бұрын Ауғанстанға нақты мақсаттармен бардық. Ол - 2001 жылы қыркүйектің 11-де өзімізге шабуыл жасағандарды қолға түсіріп, «әл-Каиданы» Ауғанстаннан Құрама Штаттарды нысанаға ала алмайтын жағдайға жеткізу еді. Біз мұны жасадық. «әл-Каиданы» қатты әлісіретіп, Осама бен Ладенді іздеуден ешқашан бас тартпай, оны да жойдық. Біздің Ауғанстандағы миссиямыз ешқашан мемлекет құру болған емес. Ауғанстандағы жалғыз ғана маңызды ұлттық мүддеміз - Америкаға жасалуы мүмкін лаңкестік шабуылдардың алдын-алу еді.

Бүгін Кабулден зорлық-зомбылықтар туралы хабар түскен жоқ. Тәліптер қазір қала көшелерінде патруль жүргізіп жатыр. Соған қарамастан, көптеген тұрғындар далаға шықпай отыр. Өйткені, талай түрмеден қылмыскерлер босатылып, қару-жарақ тоналған.

Кабул әуежайы болса, эвакуация үшін бүгін қайта ашылды. Ол қазір америкалық жауынгерлердің бақылауында. Айта кетсек, кеше мұнда елден қашу үшін мыңдаған адам жиналып, ұшақтарға мінуге жанталасып, бей-берекетсіздік кезінде 7 адам қаза тапты.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу