Қазақстан қоржынына тағы үш қола медаль түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан қоржынына тағы үш қола медаль түсті

05.08.2021

Олимпиададағы қоржынымыз бүгін тағы үш қоламен толықты. Алдмен, боксшы Сәкен Бибосынов, артынша еркін күрестен Нұрислам Санаев олжа салса, каратэден Дархан Асаділов сәтті өнер көрсетті. Осылайша, ұлттық құрамамыз барлығы 7 қола жүлдемен, жалпы есепте 76-шы орында келеді.

Бүгін боксшыларымыз Токиодағы сайысты аяқтады. Ең соңғы болып рингке ел сенім артқан Сәкен Бибосынов шықты. Ол британдық Джалал Яфаимен финалға берілер жолдаманы сарапқа салды. Отандасымыз барын салса да, төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді. Әсіресе, екінші раундта бірнеше соққысын сәтті жұмсаған.

Осылайша, боксшыларымыз Олимпиаданы қос қоламен қорытындылады. Өкішінтісі, былғары қолғап шеберлері алғаш рет Олимпиада ойындарын алтынсыз аяқтады. Осыған дейін кемі бір алтын әкелетін. Ал, Сиднейде тіпті 2 алтын бұйырған. Сондықтан, Токиодағы жарысты ел боксының тарихындағы сәтсіз Олимпиада деуге болады.

Есесіне, еркін күрес шеберлері ерлеп тұр. Әсіресе, 57 келідегі балуанымыз Нұрислам Санаев елді қуантты. Ол бірнеше қарсыласын жер жастандырып, қола медаль алды. Кіші финалда болгариялық Георгий Вангеловті 5:1-есебімен жеңді. Бұл қазақстандық балуандардың Токиодағы алғашқы олжасы. Ал, 74 келіде намысымызды қорғаған Данияр Қайсанов жартылай финалда әлем чемпионы, ресейлік Заурбек Сидаковқа есе жіберіп алды. Ертең қола үшін күреседі.

Бүгін каратэші Дархан Асаділов көпті тәнті етті. 67 келіге дейінгі салмақта сайысатын жігіт жартылай финалға мерзімінен бұрын шықты. Топтағы барлық қарсыласын бет қаратпай ұтты. Ал, жартылай финалда франциялық Стивен да Костамен кездесіп, тәжірибелі қарсыласын жеңе алмады. Осылайша, қола жүлдегер атанды. Каратэнің олимпиада бағдарламасына алғаш рет қосылғанын ескерсек, Дарханның бұл жеңісін тарихи нәтиже деуге болады. Ал, қазір ұлттық құрамамыз жалпы есепте 7 қола медальмен 76-шы орында келеді. Көш басында әлі де Қытай, АҚШ, Жапония.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу